Жарнама
Жарнама

«Бордельдегі кереует орнын ауыстыру»: Бақыт Сәрсекбаев World Boxing мен IBA-ны салыстырды

Редактор
Бүгін, 10:04

Ол әділ төреліктің негізгі шарты ретінде бұрынғы ұпай жүйесін қайтару қажеттігін алға тартты

Әлеуметтік желі

Бокстан, Бейжің Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның 22 жасқа дейінгі жастар құрамасының бас бапкері, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев халықаралық бокстағы екі ұйым – IBA мен World Boxing арасындағы жағдайға өз көзқарасын білдірді.

Бапкердің айтуынша, бокс қауымдастығының IBA-дан жаппай кетіп, World Boxing жағына өтуі әділетті төрелікке деген сенімнен туған. Дегенмен ол жаңа ұйымнан нақты өзгеріс байқалмай отырғанын атап өтті.

«Бәріміз IBA-дан әділетсіз төрелік үшін теріс бұрылдық. Ал World Boxing не ұсынды? Сол төрешілер, сол жүйе. Егер төрелікті түзей алмаса, онда француздар айтпақшы, тек бордельдегі кереуеттердің орнын ауыстырған боламыз», - дейді Сәрсекбаев.

Ол әділ төреліктің негізгі шарты ретінде бұрынғы ұпай жүйесін қайтару қажеттігін алға тартты. Бұл жүйе кезінде соққының нақты тигенін тіркеп, бұрмалауға аз мүмкіндік беретін.

«Бұрын – ұрдың, тиді – ұпай. Ал қазір бәрі төрешінің қалауы бойынша. Біреуіне 9, екіншісіне 10 береді де, неге олай деп сұрасаң, «маған көбірек ұнады"» деп жауап береді. Бұл – әділдік емес», - дейді Олимпиада чемпионы.

Бақыт Сәрсекбаев қазіргі уақытта World Boxing президенті Геннадий Головкинге үлкен үміт артатынын айтты:

«Гена бұрынғы ұпай жүйесін қайтарса, бүкіл әлем боксшыларының алғысына бөленеді. Тек сол жүйені жаңғыртса болды – әділдік орнайды», – дейді ол.

Сондай-ақ ол төрешілердің кәсіби біліктілігі мен беделін арттыру қажеттігін де атап өтті.

«Біздің елде 3 жұлдызды 50-ге жуық төреші бар, бірақ неге Ливерпуль, Әлем кубогы секілді жарыстарға бірде-біреуін шақырмайды? Бізге сенім жоқ па, әлде беделіміз жетпей ме?» - деп түйіндеді бапкер.

Сәрсекбаевтың пікірінше, екі ұйым арасындағы таласта ең бастысы – боксшылардың мүддесі мен қауіпсіздігі. «Екі алпауыт ұйым тартысса да, ортасында қарапайым спортшылар зардап шекпеуі керек», – дейді ол.

Реклама
Реклама