Сәтпаев – Чемпиондар лигасында гол соққан алғашқы қазақстандық
Англияның The Sun деп аталатын беделді таблоиды «Копенгагенге» қарсы өткен Чемпиондар лигасының матчынан соң «Қайрат» клубының жас вингері Дастан Сәтпаевты мақтап мақала жариялады.
Британиялық журналистер алматылық талантты «Манчестер Сити» аңызы Серхио Агуэромен салыстырып, оның шеберлігіне тәнті болған.
«Сәрсенбі кешінде Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасының тарихында ең жас гол соққандар тізімінде үшінші орынға көтерілді. Оның алдында тек Ансу Фати мен Ламин Ямаль бар. «Копенгагенге» қарсы ойында гол соққан «Қайрат» шабуылшысы өз елінде ғана емес, «Челси» жанкүйерлері арасында да «Кішкентай Агуэро» атанып үлгерді. Оның шағын дене бітімі «Челсидің» соңғы жылдары сатып алып жүрген шабуылшыларына ұқсамайды. Бірақ допты меңгерудегі шеберлігі мен дәл әрі қуатты соққысы – кез келген клуб бас тартпайтын қасиет», – деп жазады The Sun.
Басылым «Челсидің» Сәтпаевтан бөлек Эстеван, Джованни Кенда секілді ойыншылардың да құқығын сатып алғанын тілге тиек еткен.
Сәтпаев – Чемпиондар лигасында гол соққан алғашқы қазақстандық
17 жастағы вингердің «Челсиге» ауысатыны 2025 жылдың басында ресми түрде жарияланды. Ол Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінде үш гол соғып, «Кайраттың» алғаш рет турнирдің негізгі кезеңіне шығуына көмектесті.
Жалпы кезеңдегі алғашқы төрт ойында гол соға алмаған Сәтпаев «Копенгагенге» қарсы матчтың 81-минутында қақпашының қателігін пайдаланып, допты бос қақпаға енгізді. Бұл Дастанның ғана емес, бүкіл Қазақстан футболшыларының Чемпиондар лигасындағы алғашқы голы ретінде тарихқа енді.
Көп ұзамай оның әріптесі Олжас Байбек те бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Айта кетейік, 2025 жылы Дастан Сәтпаев «Қайрат» құрамында 41 матчта 19 гол соғып, клубқа Қазақстан чемпионатын жеңуге және Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуға көмектесті.