Маңызды матч «Астана Арена» стадионында өтеді
Грекияның әйгілі «Олимпиакос» клубы Астанаға жетті. Құрама 9 желтоқсан күні UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінің алтыншы турында алматылық «Кайратпен» кездеседі. Маңызды матч «Астана Арена» стадионында өтеді және ойын 20:20-де басталады.
«Олимпиакос» сапында Астанаға төмендегі футболшылар келді:
Қақпашылар:
Николаос Ботис, Георгиос Кураклис, Константинос Дзолакис.
Қорғаушылар:
Франсиско Ортега, Жюльян Бьянкон, Лоренцо Пирола, Алексиос Калогеропулос, Коштинья, Родиней, Бруно Оньемаечи.
Жартылай қорғаушылар:
Диогу Насименту, Желсон Мартинш, Дани Гарсия, Лоренцо Шипиони, Чикиньо, Габриэль Стрефецца, Сантьяго Эссе, Даниэл Поденсе, Ставрос Пневмонидис, Христос Музакитис.
Шабуылшылар:
Аюб Эль-Кааби, Роман Яремчук, Мехди Тареми.
Грек командасының баспасөз қызметі Instagram желісіндегі stories бөлімінде Астанаға ұшып келу сәтін бөлісті. Қысқа видеода қаладағы ауа райы жайлы да айтылған:
«–4 градус», - деп жазды клуб өкілдері.
Астана төрінде өтетін маңызды кездесуге Испанияның тәжірибелі төрешілері қазылық етеді. Ойынның бас қазысы - Хуан Мартинес. Оған қапталдан Рауль Кабаньеро мен Иньиго Прието жәрдемдеседі. Ал төртінші арбитр қызметін тағы бір испандық маман – Хавьер Альберола атқарады. Еуропалық деңгейдегі бұл бригада матчтың тәртібі мен қарқынын жоғарғы талапқа сай ұстайды деп күтіледі.
Алматылық команда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі қалған екі матчын астаналық жанкүйерлердің көз алдында өткізеді.
9 желтоқсан: «Олимпиакос»
20 қаңтар: «Брюгге»
Бұл кездесулер турнирлік жағдайды айқындайтын шешуші ойындар болмақ.
Шабуылшы Дастан Сәтпаев алдағы турда алаңға шықпайды. Ойыншыға қатысты дисквалификация күшінде қалып, ол командаға бұл матчта көмектесе алмайды.
Грекия футболындағы алыптардың бірі – «Олимпиакос» 1925 жылы құрылған. Пирей клубы ел чемпионатында 48 мәрте топ жарған, бұл – Грекия футболында әлі жаңармаған рекорд.