Бразилиялық футболшы екі клубта да өнер көрсеткен
Алматылық «Қайрат» пен софиялық «Левски» клубтарының бұрынғы шабуылшысы Рикардиньо Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қос команданың қарымта матчы туралы пікір білдірді.
Бразилиялық футболшы екі клубқа да ерекше ықыласы бар екенін айтып, «Левски» командасының өзі үшін орны бөлек екенін атап өтті.
«Мен екі командаға да өте жақынмын, бірақ «Левски» мен үшін ерекше клуб. «Қайратта» ойнауға мүмкіндік алдым, алайда бұған көп жағдайда «Левскиде» көрсеткен нәтижелерім себеп болды. Ол клубтағы кезең мен үшін көптеген мүмкіндіктің есігін ашты», – деді Рикардиньо.
Футболшы жақында ғана «Қайраттан» кеткендіктен, алматылық командада достары көп екенін де айтты. Сонымен қатар «Левскидегі» құрамның біраз бөлігі ауысқанымен, клуб пен жанкүйерлерге деген ықыласы әлі де жоғары екенін жеткізді.
«Қай команданың фаворит екенін айту қиын. Дегенмен тамаша матч болатынына сенімдімін. Қай команда жеңіп, Чемпиондар лигасында әрі қарай жолын жалғастырса да, мен қуанышты боламын», – деді ол.
Еске салайық, командалар арасындағы алғашқы матчта «Левски» 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Қарымта кездесу 11 тамызда Түркістанда сағат 20:00-де өтеді.
Бұл жұптың жеңімпазы Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіне жолдама алып, онда Грекияның АЕК клубымен кездеседі.