Жарнама
Жарнама

«Қайрат» «Левскиге» есе жіберіп, Чемпиондар лигасынан шығып қалды

Редактор
11.08.2026, 22:35

Екі матчтың нәтижесі бойынша «Левски» 2:0 есебімен жеңді

ФК «Қайрат»

Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Левскиге» қарсы қарымта матч өткізіп, 0:1 есебімен жеңілді.

Кездесу басталғаннан-ақ «Қайрат» тізгінді өз қолына алып, допты бақылауда ұстады. Алайда алматылықтардың шабуылы нақты соққыларға ұласа қоймады.

Ал «Левски» өз мүмкіндігін тиімді пайдаланды. 13-минутта Рейналдо алыстан дәл соққы жасап, есепті ашты.

Үзілістен кейін «Қайрат» шабуылды үдетіп, есепті теңестіруге барын салды. Дегенмен болгариялық клубтың қорғанысы сыр бермеді. Керісінше, қонақтар екінші голын соғуға бірнеше рет жақын болды. Рейналдоның соққысы маңдайшаға тисе, Сержиньюдің добы қақпа бағанасынан қайтты.

Қорытынды есеп – 0:1.

Осылайша, екі матчтың нәтижесі бойынша «Левски» 2:0 есебімен жеңіп, Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өтті.

«Қайрат» болса, еурокубоктағы жолын жалғастырады. Алматылық команда Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде «Андерлехт» (Бельгия) – ПАОК (Грекия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Реклама
Реклама