Жарнама
Жарнама

«Интердің» қақпасын қорғағанын қалаймын»: италиялық сарапшы Анарбековке тамсанды

Редактор
10.11.2025, 10:23

Пауло Камеддо 17 жастағы Дастан Сатпаевты да ерекше атап өтті

ФК «Қайрат»

6 қарашаға қараған түні алматылық «Қайрат» Еуропа футбол жанкүйерлерін таңғалдырды. Чемпиондар лигасының финалисі –  әйгілі «Интермен» сырт алаңда өткен кездесуде қазақстандық команда бар күшін салып, небәрі бір гол айырмасымен жеңілді. Ойын барысында «Қайрат» бірінші таймның соңында гол өткізіп алғанымен, екінші таймда есепті теңестіріп, қарсыласына оңайлықпен үш ұпай бермеді.

Бұл матчтың әсері жайлы италиялық CalcioNews24.com сайтының тілшісі Пауло Камеддо Sports.kz порталына берген сұхбатында айтып өтті. Ол әсіресе қазақстандық қақпашы Темірлан Анарбековтің ойынына ерекше баға берді. 

– Пауло, матчқа дейін көпшілік «Қайраттың» қарсыласуға шамасы жетпейді деп ойлады. Сіз де солай күттіңіз бе?
–  Иә, мойындаймын, мен де «Интердің» оңай жеңісіне сендім. Ең кемі төрт гол айырмасымен ұтады деп ойладым. Себебі олар өз алаңында ойнады, ал ойыншылардың деңгейі жоғары. Бірақ мен қателестім. Бұл кездесу италиялықтар үшін жеңіл серуен емес, нағыз сынақ болды. «Қайрат» қорғанысқа тығылмай, батыл ойнады, қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Бұл –  мінезді, өз ойыны бар ұжымның белгісі.

–  Сіздің назарыңызға кім көбірек ілікті?
– Еш ойланбастан Темірлан Анарбеков деп айтамын. Бұл маусымдағы ең үлкен жаңалықтардың бірі. Ол бұрын «Селтикке» қарсы ойында өз шеберлігін көрсеткен еді, бірақ жарақатына байланысты біраз үзіліс алған. Ал енді «Интермен» матчта керемет ойын көрсетті. Мұндай деңгейдегі сенімділік пен салқынқанды қимыл –  үлкен болашақтың нышаны. Егер осылай дамуын жалғастырса, ол Еуропаның үздік қақпашыларының бірі болатыны сөзсіз. Мен тіпті оны болашақта «Интердің» қақпасында көруге қуана келісер едім.

– «Қайрат» алдағы ойындарда да ұпай жинай ала ма?
–  Әрине. Бұл –  нақты жаттықтырушының қолтаңбасы бар команда. Уразбахтин Еуропаға әлі танымал емес футболшылардан ұжым қалыптастыра білді. Олар тәртіппен, жүйелі ойнайды. Егер «Копенгаген» мен «Олимпиакоспен» де дәл осылай өнер көрсетсе, жеңістерге де, ұпайларға да қол жеткізетініне күмәнім жоқ.

Пауло Камеддо 17 жастағы Дастан Сатпаевты да ерекше атап өтті:
–  Ол өте дарынды. «Челси» оны дер кезінде байқап, аз қаржыға сатып алғаны кездейсоқ емес. «Интермен» ойында да өзін жақсы қырынан көрсетті, бір сәтте допты маңдайшадан асырып үлгерді. Бұл жігіттің болашағы зор.

Реклама
Реклама