Алайда Афинаға бару бұйырмады...
«Қазақтың Кинделанды» атанған боксшы жайлы естуіңіз бар ма? Иә, 2000-жылдары қарсылас шақ келтірмеген, Олимпиаданың қос дүркін чемпионы кубалық Марио Кинделанның мысын қазақ баласы басқан, бір емес, екі рет. Оның есімі – Руслан Мусинов. Кубалық бірде «Мусиновпен кездескенде, өзімнің боксшы екенімді ұмытып қаламын» деген еді. Ендеше, 60 келіде атой салса да, Олимпиадаға бара алмаған Руслан Мусинов қазір қайда, немен айланысып жүр?
– Руслан аға, 2000-жылдардың басында өзіңіз бокстан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болдыңыз. Бүгінде немен айналысып жүрсіз?
– Көкшетаудағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт кешенінде орналасқан спорт мектебінің директоры болып жұмыс істеп жүргеніме сегіз жыл болды. Бұл қызметке 2016 жылы келгенмін. Балаларымыз өсіп келеді, жарыстарға қатысып, тәп-тәуір нәтижелер көрсетіп жүр. Жоспарды орындап жатырмыз.

– Сізді атақты Марио Кинделанды жеңген боксшы ретінде жақсы білеміз. Жақында ол Қарағандыға келіп, шеберлік сағатын өткізді. Барған жоқсыз ба?
– Әрине, естідім. Тіпті телефон арқылы сөйлесіп те үлгердік. Ол елімізге Серік Сәпиевтің шақыртуымен келген. Біз телефон арқылы сөйлескенде: «Міндетті түрде кездесу ұйымдастырамыз, Астанаға немесе Қарағандыға шақырамыз», – деді. Бірақ белгілі бір себептермен ол жоспар жүзеге аспай қалды. Видео арқылы амандасып, жағдай сұрастық. Екеуміз де өзгергенбіз, жас емеспіз ғой.
Негізі барып, көзбе-көз сөйлескім келген. Өйткені Марио – менің рингтегі аңызға айналған қарсыласым. Серіктің бағдарламасы тығыз болып, кездесу кейінге қалды. Ол сөзінде тұратын жігіт қой, шын ниеті болды, тек уақыттың реті келмеді. Алдағы уақытта тағы ат басын бұрады деп естідім, бәлкім, сол кезде жеке кездесудің реті келер.

– Құпия болмаса, бір-біріңізге не айттыңыздар?
– Ешқандай құпия жоқ. Аудармашы арқылы сөйлестік. Қазір ол өз еліндегі бір провинцияда бапкер болып жұмыс істейді екен. Келесі жолы кездесуге қызымды ертіп баратынымды айттым. Себебі Кинделанмен жұдырықтасқан кезде қызым жаңа туған еді. «Таныстырамын» деп сөз бердім. Серік те жүздестіруге уәде етті – сол сәтті күтіп жүрмін.
– Кинделанмен жұдырықтасып жүрген кездеріңізден бері талай жыл өтті. Жұрт сізді әлі де таниды ма? Спорттық іс-шараларға барып тұратын шығарсыз?
– Бокс додаларынан қалмаймын. Боксшы ретінде ғана емес, спорт мектебінің директоры болған соң да жастарды қолдау – міндетім. Шақырып жатса, қуана барамын. Жастарға ақыл-кеңесімді айтамын, қажет болса, жаттығуға бірге кіремін, тәжірибеммен бөлісемін. Әрдайым жанындамын.
– 2003 жылғы Таиландтағы әлем чемпионатын еске алсақ. Жанкүйер біткен сіздің Кинделанмен финалдық жекпе-жегіңізді күтті. Өкінішке қарай, сіз жергілікті боксшыдан ұтылып, финалға өте алмадыңыз. Осы жайт туралы өз аузыңыздан естісек...
– Бұл менің әлем біріншілігіндегі үшінші жекпе-жегім болатын. Қарсылас – тай боксшысы. Шыны керек, ол кездесуде мен жеңілген жоқпын, төрт раундтың бәрінде алда келе жаттым, екінші раундта тіпті нокдаунға да жібердім. Біздің басшылар бірден шағым түсірді. «Шешім өзгермейінше, шаршы алаңнан кетпе» деді. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ, ақыры жергілікті боксшының қолын көтерді.
Жекпе-жектен кейін маған Кинделан келіп: «Саспа, ертең өзім сазайын тарттырамын», – деді. Солай болды да – ертеңіне тай боксшысын нокаутқа түсірді.
– Әділетсіздік ауыр тиген шығар?
– Әрине. Еткен еңбегің, денсаулығың, уақытың – бәрі осы жерде сынға түседі. Жекпе-жекті ұтсам да, төрешілер қолымды көтермеді. Жасыратын ештеңе жоқ, қатты қынжылдым. Жасым 28-ге жақындап қалған, келесі Олимпиада цикліне жету қиын екенін білдім. Сол жарыстан кейін карьерам аяқталды десе де болады.
– Бұл соңғы мүмкіндігіңіз екенін сездіңіз бе?
– Иә. Егер жақсы нәтиже көрсетсем, құрамада қалатын едім. Бірақ біздің салмақта елімізде мықты қарсыластар көп болды. Серік Елеуов бабында болды. Ол лицензиялық турнирді жеңіп, Олимпиадаға жолдама алды. Бұл жерде бәрі қарапайым: кімде лицензия бар – сол Олимпиадаға барады.
– Ұлттық құрамадан кету туралы шешімді өзіңіз қабылдадыңыз ба?
– Әлем чемпионатынан кейін аздап үзіліс алдым. 2007 жылы қайта оралуға тырыстым, бірақ бұл жолы 64 келі салмақта бақ сынап көргім келді. Қарағандыда Серік Сәпиевпен жолығып, жеңілдім. Одан кейін Минскіде өткен турнирге қатысып, чемпион атандым. Бірақ іштей бұл менің салмағым еместігін түсіндім. Ол кезде жасым 32-де, бұрынғы бабыма ене алмайтынымды білдім.
– 2004 жылғы Олимпиадаға ойыссақ. Сол додаға барып, тіпті чемпион атануға қауқарыңыз жететін еді. Төртжылдықтың бас додасына Елеуов баратыны белгілі болғанда қандай күйде болдыңыз?
– Төрт жыл бойғы ең үлкен арманым еді. Олимпиада алдындағы дайындық кезінде біз Түркияда өткен халықаралық турнирге бардық. Мені де шақырған, жарысқа Анадолы елінің атынан қатыстым. Жартылай финалда Елеуовпен шығып, жеңіске жеттім. Сол жарыста Олимпиадаға жолдама алған барлық боксшы сынға түсті. Алайда Афинаға бару бұйырмады...
– Неге?
– Сол кездегі басшылықтың шешімі солай болды. Дегенмен Серіктің Олимпиадаға өте жоғары дайындықпен барғанын мойындаймын. Соның арқасында ол қола жүлдегер атанды. Сондықтан ренішім жоқ. Әркімнің өз жолы бар.

– Түркияда жүргенде сол елдің құрамасында қалу туралы ой болды ма?
– Ұсыныс болды. Бірақ мен ол кезде ішкі істер органдарында қызмет ететінмін. Сондықтан өзге елмен келісімшартқа қол қоюға рұқсат жоқ еді. Сол себепті бас тарттым.
– Ал Серік Елеуовпен қарым-қатынасыңыз қандай?
– Жақсы. Доспыз, әріптеспіз. Олимпиада кезінде бүкіл команда болып оны қолдадық. Қазір ол да мектеп директоры, жиі кездесіп тұрамыз.
– Кинделан сұхбатында: «Мусиновке қарсы алаңға көтерілгенімде, өзімнің боксшы екенімді ұмытып қаламын» деген екен. Чемпионға сасқан үйректің күйін кешкізетіндей қандай айлап ойлап таптыңыз? Жалпы, Кинделанға қарсы қалай дайындалатын едіңіз? Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі жоқ, видео тапшы.
– Кинделанмен кездесудің әрқайсысы – мен үшін үлкен мектеп. Екеуміз шаршы алаңда төрт жұдырықтастық. Бірінші рет – 1998 жылы. Оңбай жеңілдім. Екінші кездесу Таиландта өтті. Тағы да айқын басымдықпен ұтты.
Біз сол кезде жекпе-жектерді қолда бар камераларға жазып алып, әр раундты жеке талдайтынбыз. Кемшіліктермен жұмыс істедім.
Ал үшінші және төртінші кездесулерге мүлде басқа деңгейде бардым – тәжірибем толысқан, психологиялық тұрғыда мықты болдым. Отбасым болды, жауапкершілігім артты. Оның үстіне Кинделанды жеңсем, Олимпиадаға басты үміткер болатынымды жақсы білдім.
Прагада өзімді керемет сезіндім. Чехияда мен оны психологиялық жағынан «сындырдым». Оның стиліне бейімделмей, өзімнің ыңғайсыз, жақын қашықтықтағы қарқынды боксты таңдап, тактикасын бұзып жардым. Үшінші жекпе-жекте 15 ұпай айырмашылығымен ұттым – бұл өте ірі есеп.
Ресейлік Малетин, тай, америкалық боксшылардың ешқайсысы осал болған жоқ, сонда да жеңдім. Бірақ олармен кездесуде дәл Кинделанмен айқастағыдай жарқын бокс көрсете алмадым.
– Демек, Кинделан сізге психологиялық тұрғыда ұтылып қалды ғой?
– Иә, мен оны толық зерттеп шықтым. Спортта «психологиялық кедергіден өте алмау» деген түсінік бар, меніңше, Маррио сол кедергіден өте алмады. Әйтпесе оның техникалық мүмкіндіктері менен әлдеқайда жоғары. Сол ірі есеп айырмасы мен нокдауннан кейін оның бойында қорқыныш пайда болды. Астанадағы кездесуде ол қатты сезілді, сөйтіп жерлестерімнің алдында оны тағы да жеңдім.
Есесіне ол Олимпиадаға мінсіз күйде барды және өзінің мықтылығын дәлелдеді. Нағыз чемпион. Кинделанды жеңсем – әлемнің үздіктерін жеңген болар едім.
– Бірақ сіз ешқандай Олимпиадада өнер көрсеткен жоқсыз...
– 2000 жылы да белгілі бір жағдайлар болды. 1999 жылы Хьюстондағы әлем чемпионатында үш жекпе-жек өткізіп, ширек финалда неміс боксшысынан ұтылдым. Ол кезде тәртібім ақсап тұрды, жаттығу жиындарына қатыспаған кездерім болды. Жас едім. Бір жыл құрамада болмаған соң мүмкіндік те қолдан сусып кетті.
– Тәртіп демекші, қазір боксшылар тойлар мен түрлі іс-шараларда көп жүреді деп айтып жатады...
– Боксшыларды ренжітпеңіздер (күлді), бірақ бұл сөздің жаны бар. Қазақ болған соң той көп болады, соған шақырады, ал оның бәрі жаттығуға кедергі. Спортшының өз режимі, жоспары бар. Бірақ біз ол кезде бәріне жеңіл қарайтынбыз. Спортшыларға да көзқарас бөлек болды.
– Ал шарықтау шегіңізде жүргенде неге кәсіби боксқа кетіп қалмадыңыз?
– 2000 жылдардың басында қазіргі сияқты ұсыныстар болған жоқ. Кәсіби бокс елімізде әлі дамымаған, әлемдік промоутерлерге шығуға мүмкіндік болмады.
Үлкен жетістіктен кейін әуесқой боксқа ауысқан жалғыз адам – Василий Жиров. Одан кейінгі біздің буында ондай мүмкіндік болған жоқ. Біздің басты мақсат – Олимпиада ойындары еді.
Сонымен қатар құрамада жүрген 23-24 жасымда ішкі істер органдарында қызмет еттім, полиция қызметкері болдым. Азаматтық ауыстыру, кәсіпқой боксқа кету туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес кез.
– Ал жас ұлғайған сайын жеңіл салмақта жұдырықтасу қиындай түседі...
– Әрине. Өзіңіз ойлап көріңізші, 8 жыл бойы бір салмақта жүрдім. 18 жасымда 60 келі болсам, кейін есейген соң салмақ қостым, жылдамдық төмендейді дегендей.
– Неге салмақ ауыстырмадыңыз?
– Бойым шағын, сондықтан жоғары салмаққа ауысу қиын еді. Ауысуға болады, бірақ көшбасшы болу қиын. Ал мен 60 келіде жақсы нәтиже көрсеттім. Егер Кинделан сияқты мықтыны жеңуге шамам жетсе, осы салмақта өнер көрсететін деңгейде болғаным. Оның үстіне 64 келінің өз чемпиондары болды.

– Сіз Тұрсынғали Еділовтің қарамағында жаттықтыңыз...
– Бұл – бөлек әңгіме. Тұрсынғали аға менің боксшы ретінде әлеуетімді көре алған мамандардың бірі, өте жоғары деңгейдегі бапкер. Маған үнемі: «Руслан, жаттыға түс, дайындал, сонда Олимпиадаға сен барасың» дейтін. Ол кісінің тұсында мен көшбасшылардың қатарында болдым.
Үш әлем чемпионатына қатыстым, екі рет Азия ойындарына бардым, Азия ойындарының қола жүлдегері болдым, А санатты турнирлердің чемпионы атандым – бәрі сол кісінің арқасы.
– Тұрсынғали аға қазір бокс федерациясында кеңесші...
– Өте дұрыс шешім. Оның тәжірибесі жігіттерге ауадай қажет. Өте білікті әрі мінезді кісі. Шәкірттері үшін ел ішінде де, шетелде де соңына дейін тұрып беретін. Қай жерде жүрсе де, қазақтың мүддесін 100% қорғайтын.
– Біздің жігіттерге қайта оралсақ: соңғы екі Олимпиадада Қазақстан алтын медаль ала алмады. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Өзім де боксшы болдым ғой, шаршы алаңнан тыс жерде талай былықты көрдік. Бұл халықаралық қатынастарға да байланысты болуы мүмкін. Әйтпесе біздің жігіттер жап-жақсы өнер көрсетіп жүр. Әділетсіздік деген әлі де бар.
Өзі басым қазақ боксы әлеуетін жоғалтты дегенге келіспеймін.
– Бокста стиль жоғалды деп жатады...
– Иә, келісемін. Әлемдік бокста стильдің жоғалғаны рас. Неге? Өйткені төрелік ету жүйесі өзгерді. Енді ешкім “алдыңғы” қолдың жұмысына, аяқтың қозғалысына қарамайды. Тек қарсыластың басына тиген оң қол соққысын бағалайды. Сол шешуші критерийге айналды.
Қазақ боксы әрдайым техникасымен, «канондық» стилімен ерекшеленетін. Қазір ол жоқ. Бұрын: «Куба мектебі бар, қазақ мектебі бар» дейтінбіз, қазір бәрі араласып кетті. Барлығының боксы бірдей, бұрынғыдай сұлулық жоқ.
Кеңес заманында әр салмақтың өз стилі болатын. 48 келі бөлек, 75 келі бөлек жұдырықтасатын. Қазір – 48 бен 91 келінің айырмасы шамалы, айқын тактикалық ерекшелік жоқ.
Бұрынғы есімдердің өзі қандай еді – аяқ жұмысы, қол жұмысы, қозғалыс... Кеңес мектебінде “алдыңғы” қол өте маңызды рөл атқарды. Қазір бәрі қарапайым шабуыл стиліне көшті: қолды көтеріп алады да, «басқа тигізсе болды» деп ойлайды.
«Бокс қызықсыз болып қалды» демеймін, бірақ бұрынғы бояуы кетті. Сол жаныма батады. Бұрын жарыстарға белгілі боксшылардың стилі үшін баратынбыз. Ал қазір бәрі бірдей.
– Головкин жағдайды өзгертуге ниетті. Бірнеше күн бұрын ол World Boxing ұйымының басшысы атанды.
– Геннадий үшін өте қуаныштымын. Ол біраз нәрсені өзгерткісі келеді. Сол жолда оған сәттілік тілеймін. Бірақ бұл оңай емес, оған уақыт керек. Құрамды өзгерту, жүйені қайта құру, буынды қайта үйрету қажет.
Өз басым оның қолынан келетініне сенімдімін. Осы саланың адамы, тәжірибелі маман. Головкин өзгертпегенде, кім өзгертеді?!
Ұлттық құрамада жүргенде ол жас еді. Ол – Қарағандының түлегі, ал ол жақтың бокс мектебі бөлек қой.
– Қателеспесем, ұлыңыз Шыңғыс та бокспен айналысады екен. Оның әлеуетіне қандай баға бересіз?
– Иә, бокспен шұғылданады, өзі студент. Болашағына қатысты айтсам, бәрі өзіне байланысты. Ұмтылса, бәрі болады. Қаламаса – ешкім мәжбүрлемейді.
Жаттығу процесіне араласпаймын, жеке бапкері бар.
Тұрсынғали Еділов, бапкер:
– Бірде Марио Кинделанмен кездесіп қалдым. Екеуміз амандасып болған соң, ол менен: «Қазақстаннның атынан Сидней Олимпиадасына кім барады? деп сұрады. Мен: «Мусинов бармайтын болды» дедім. Ол: «Ендеше жеңіс менікі!» деп қуанып кетті. Дәл осы сөзді Кубаның бас бапкері Фоэнтес те айтқан болатын.
Қуанышбай Көкішев, КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері:
– 2003 жылы Таиландтағы ақтық сыннан соң Кинделанды құттықтадым. Ол тіпті міз баққан жоқ. Сонда Мусиновтің бапкері екенімді айтып едім, орнынан атып тұрды да, шәкіртімді ерекше құрметтейтінін айтып, алғысын білдірді.