Әлем чемпионатында жеңілген Нұрқанат Серікбаев жанкүйерлерден кешірім сұрады (ВИДЕО)

Редактор
19.05.2024, 18:19

Ол аталған жарысқа жоғары дайындықпен келгенін айтады

olympic.kz

Дзюдодан Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңіліп қалған қазақстандық балуан Нұрқанат Серікбаев (60 кг) 1bol.kz тілшісіне сұхбат беріп, жеңілісінің себебін түсіндірді. Сондай-ақ, спортшы жанкүйерлерінен кешірім сұрады.

- Нұрқанат соңғы белдесуін жайлы не айтасың?

- Әлем чемпионаты мен үшін сәтсіз аяқталды. Оңтүстік Корея елінің өкілі Ли Ха Риммен кездестім. Ол былтыр әлем чемпионатына жүлдегер болған. Алып ұрамын деп кері секіріп едім, төрешілер видеоны қарап, қарсыласқа вазари беріп жіберді. Басты қателігім сол секіргенім болды.

- Жеребе де қиын болған секілді...

- Жеребе оңай түскен жоқ, бірақ бұл әлем біріншілігі болғандықтан, осал қарсылас жоқ екенін ұмытпау керек. Барлық спортшы жоғары дайындықпен келген. Спортта бақ пен бап қатар жүруі керек, бабым келіскенімен, бағым келіспеді. Кімнің жолы болса, әлем біріншілігінде жеңімпаз атағы соған бұйырады. Әйтпесе 100 пайыз бабымда болдым деп айта аламын. Физикалық тұрғыда да, функционалдық тұрғыда да ешқандай қалыс қалған жоқпын. Жарысқа жақсы даярлықпен келгенмін, бірақ бағым жанбады.

- Бапкерлеріңізбен сөйлестіңіз бе?

- Әлі сөйлесіп үлгерген жоқпын. Алдағы уақытта барлық қателікке сарап жүргізіп, соларды болдырмау үшін жұмыс істейміз.

- 60 келі бәсекелестік ең жоғары салмақ, құрамадағы қай спортшыны алсаң да әлемдік деңгейде күресуге дайын. Сіз мұндай бәсекелестікке қаншалықты дайынсыз?

- Толықтай дайынмын.

- Астанадағы турнирден соң 60 келіге қатысты біраз сөз болды. Мағжан Шамшадиннің бапкері біраз ренішін білдірді, бұл жайт екеуара қарым-қатынасқа кері әсер еткен жоқ па?

- Жоқ, Мағжанмен қарым-қатынасымыз жақсы, аға-іні болып сыйласып жүреміз. Әлем біріншілігіне екі-ақ адам қатыса алады. Бұл чемпионатқа Елдос ағамыз екеуміз ғана келдік. Бапкер өз пікірін айтты, оған қарсы ештеңе айта алмаймын, әркім өз ойын айтуға құқылы ғой.

- Жанкүйерлерге не айтасыз?

- Арнайы қолдап келген жанкүйерге алғысым шексіз. Абу-Дабиде қазақ жанкүйерлерінің ерекше қолдау көрсеткенін көрдік. Бәрін естідік, рахмет! Қазақстандағы жанкүйерлерімнен сәтсіздікке ұшырағаныма кешірім сұраймын. Алла қаласа, алар асу алда деп білемін.

Сұхбаттасқан Мадина Асылбек