«Жеңсең – батырсың, жеңілсең – қорқақсың, бұл – өмір»: Елдос Сметовпен ашық сұхбат

Редактор
20.05.2024, 19:48

Даңқты дзюдошы әлем чемпионатында жеңіліп қалды

коллаж: 1bol.kz

Дзюдодан БАӘ астанасы Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы сапындағы ең беделді спортшы Елдос Сметов те қатысты. Отандасымыз өзінің сегізінші әлем біріншілігінде қола жүлдеге таласып көрді. Бірақ үшінші орын үшін бәсекеде жапон балуанына есе жіберіп, бесінші орынды қанағат тұтты. Дегенмен осы көрсеткіші үшін оған 700 ұпай берілді. Елдос алдағы Париж Олимпиадасына қатысудан үмітті. Бірақ 60 келіде Сметовтен бөлек тағы екі балуан бар. Сондықтан Парижге нақты кімнің баратыны әлі анықталған жоқ. Абу-Дабиге арнайы барған 1bol.kz тілшісі Елдостың өзімен жолығып, осынау сауалдардың жауабын сұрады.

– Елдос көңіл күйіңіз қалай? Өзіңізге келіп үлгердіңіз бе?

– Иә, бәрі дұрыс. Көңіл күйім жақсы. Бұл біздің алғашқы жарысымыз емес. Жеңісті де, жеңілісті де көрген тәжірибелі спортшымын ғой. Барымды салдым деп айта аламын. Әрбір белдесуде өзімді қайрап, шабыттандырып отырдым. Жеңіске жету жолында аянып қалған жоқпын. Қазақстаннан келген көптеген жанкүйер де мұны байқады деп ойлаймын. Солардың алдында, жалпы Қазақстан халқының алдында үлкен бір жетістікке қол жеткізсем деп едім. Бірақ бұйырғаны осы екен. Тағдырға жазылғаны бесінші орын болды. Одан асып кете алмаймыз.

– Денсаулығыңыз туралы айтсаңыз. Жарақатыңыз жоқ па еді?

– Денсаулығым жақсы. Үшінші орын үшін бәсекеде әдіске түсіп қалғанымды айтып жатқандар бар. Өмірде ешқашан бұлай құлаған емес едім. Оң қолымның шынтағын Астанадағы Grand Slam-де ауыртып алғанмын. Сосын емделіп, жазылғандай болған. Бірақ Абу-Дабиде бірінші белдесуде қайтадан ауыртып алдым. Амалсыз келесі кездесулерде бір қолымды сақтап жүріп күрестім. Үшінші орын үшін белдесуде қарсыласым дәл осы шынтағыма кіріп кетті. Бұл жерде екі таңдау тұрды: жарақат алу немесе құлау керек. Денсаулық маңыздырақ. Сондықтан қатты тәуекел етпедім. Алда есе қайтаратын мүмкіндіктер бар ғой. Бірінші кезекте ­– Олимпиада ойындары.

Тағдырымызға үшінші рет Олимпиада ойындарында бақ сынау мүмкіндігі жазылған болса, алтын алу үшін бірнеше есе дайындықты арттырамын. Алла бізге сол жақтан бір сый дайындап қойған шығар деп ойлаймын.

– Парижге жолыңыз түсіп жатса, қай қарсыластарыңызға ерекше дайындаласыз?

– Мен жалпы қарсылас таңдамаймын. Сосын ешкімді бөліп жармаймын. Бірінші кезекте өзім бабымда болуым тиіс. Одан кейін жолымда кездескен әрбір қарсыласқа барымды салып күресемін.

– Бүгін жарыстан кейін бапкерлер не деді?

– Әлі бапкерлермен жеке сөйлеспедім. Оған уақыт та болмады. Бірден қонақ үйге кетіп қалдым. Дегенмен, ешқайсысы наразы емес деп ойлаймын. Қолдап, ризашылықтарын айтып жатыр. Сағың сынбасын, әліптің артын бағайық дегендей қылды.

– Елдос, құрамада 15 жылға жуық тұрақты нәтиже көрсетіп, рейтингтен түспейтін санаулы балуанның бірісіз. Осының сыры неде?

– Бұл сұрағыңызға рахметімді айтамын. Маған мұндай сауал көп қойылмаған. Бұл тұрақтылықтың басты себебі – ол отбасым. Қай жерде болсын осыны айтып жүремін. Отбасында береке болса, жұмысыңда да табысқа жетесің. Ата-анаң, жан-жарың, бала-шағаң саған үлкен жетістікке жетуіңе септігін тигізеді. Адамның көңіл-күйі жақсы болса, жұмысы да өнімді болады. Бұл менің тәжірибемнен өтіп жатқаннан кейін сенімді түрде айта аламын.

Өзім осы 15 жылдың ішінде қазақ дзюдосының дамуына өлшеусіз үлес қостым деп санаймын. Осы жетістікке жетуімнің бірден-бір себепкері болып жатқан – бауырларым, ата-анам және жан-жарым мен кішкентай бүлдіршіндерім. Бүкіл құпияның бәрі осында. Сосын әркім өз жұмысын жақсы көруі тиіс. Тек спортта емес, басқа мамандықта да солай. Сол жұмысынан ләззат алып, мақсатына жетуде аянбай еңбек етсе, түптің түбінде нәтиже өздігінен келеді. Алғашқыда маған да әлем біріншілігінде топ жару, Олимпиадада жүлде алу қазақтардың тағдырына бұйырмаған бақ сияқты көрінетін. Бірақ оның бәрі мүмкін екен. Адам шын ықыласпен бір іске кіріссе, алынбайтын қамал жоқ. Бастысы, жеңіліске беріліп, мойынсұнып қоймау керек.

– Осы күні құрамадағы тәжірибелі балуандардың көш басында тұрсыз.  Жас жағынан да көбінен үлкенсіз. Аға деп ақыл сұрайтындар көп пе? Оларға не айтасыз?

– Құрамадағы жігіттердің жоқ дегенде 90 пайызға жуығы ақыл-кеңес сұрап жатады. Олар ұтылса да, ұтса да менімен сөйлесуге тырысады. Жарыстан кейін қорытынды жасау секілді жұмыстарға байланысты өз тәжірибемді, ақылымды айтамын. Бір қызығы, қазір құрамаға келгендер біз күресті бастағанда бала болды ғой. Күресімізді теледидардан көрді. Енді қасымызда жүр. Бұрын көгілдір экраннан ғана көрген спортшымен бірге жүрген соң, әрбір айтқан сөзімізді мұқият тыңдайды. Біздің кеңесімізді ыждахаттылықпен тыңдайды. Балалардың сол қасиеттеріне риза боламын.

Жеңіліп қалса да сынып қалмасын деп қайрап отырамын. Осымен тоқтау, мүмкін емес деген ойлардан аулақ болу керек деп айтамын. Керісінше, жақсы күрестің деп мотивация беремін. Бүгін күшің жетпей қалды, сәл дайындалсаң, оны ұтасың дегендей сөздер айтамын. Мен де кезінде сен сияқты осылай ұтылып, сосын жаттығуды үдетіп, есемді қайтарғанмын деп отырамын. Өзіңді мысалға келтіріп айтсаң, оларда ағам да сондай болған екен ғой деп тырысады. Бастысы, жігіттер сынып кетпеуі керек.

– Олимпиадалық құрама қашан жасақталады? 60 келіде қазір үш спортшының мүмкіндігі бар...

– Оны әлі нақты білмеймін. Спортшы ретінде сапта тұрған соң, хабарым жоқ. Әлем біріншілігі аяқталған соң, осы мәселе көтеріледі. Федерация, Ұлттық олимпиада комитеті, Туризм және спорт министрлігі, бапкерлер штабы бір келісімге келуі тиіс. Мына жігітке қазақтың намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз деп айтуы керек. Спортшы ретінде өзім үміткерлер қатарындамын.

Әлем чемпионатының алдында да көптеген дау-дамайлар болды... Бұл енді әркімнің жеке пікірі. Мен ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймын.

– Бұл жайт психологиялық тұрғыдан әсер етті ме?

– Мұндай сөздерді бірінші рет естіп тұрған жоқпын. Етіміз үйреніп кеткен. Осы жылдар ішінде көптеген сынақтан өттім. Талай негатив естігенмін. Бұл жолы тек сын емес, қолдаушылардың жанашырлығын да сезіндім. Олардың саны негатив айтушылардан көп болды. Әлем біріншілігінде де ерекше қолдау көрсеткен жанкүйерлерді байқадым. Татамиде күрескенде мұны сезіну жаныңды рахатқа бөлейді екен. Шын жаны ашитын қазақ халқына ризашылығымды білдіремін.

Мен 15 жылда ел дзюдосына көп еңбегім сіңді деп ойлаймын. Мұндай дауға дейін дәрежемді түсіретін адамдар болса, оларға ештеңе айта алмаймын. Әр нәрсенің өзі бағасы болады. Айтылатын сөзді де мекенжайына дұрыс бағыттай білу керек. Ешкімге ренжімеймін, өкпем жоқ. Бұл – өмір. Жеңсең батырсың, жеңілсің – қорқақсың. Мұндай дау-дамайдың талайын көргенмін. Сол үшін ұтылып қалдым деп айта алмаймын.

Көшеден келген адам емеспін. Жауапкершілікті мойынмен көтеріп, сезіне аламын. Жылдың басындағы Grand Slam, Gran Prix турниріндегі нәтижелеріме қарағанда, әлем біріншілігімдегі көрсеткішім ең жоғары. Демек, әлемдік додаларда ел намысын қорғауға дайын екенмін.

– Әдетте, бір спортшы халықаралық додаларда оза шапса, елде қошемет көп жасалады. Сосын той-томалақтан қолы босамай, спорттан алыстап қалатындар бар. Мұндай спортшыларға қандай кеңес айтасыз?

– Көтерген жақсы. Спортшының жетістігін бағалап, арқасынан қаққан дұрыс. Бірақ спортшы бәріне қатты беріліп кетпеуі тиіс. Бүгінгі күн ертең тарих болып қалады. Алдыңда үлкен мақсатың болса, қошеметтерге масатттанып кетпеуің керек. Мысалы, әлем чемпионы болып келсең, алдында Олимпиада ойындары бар дегендей ғой.

Көрінген жерде «әлем чемпионымын» деп кеудеңді кере берсең, сол белестен аса алмай қаласың.

– Қазақ дзюдосында 60 келідегі бәсекелестің жоғары болуының себебі неде?

– Қиын сұрақ. Жалпы, 60 келіде бәсекелестік бұрыннан мықты. Алдыңғы буын ағаларымыздың кезінен басталған. Үнемі интрига бар. Мысалы, біреуі жетістікке жетіп жатса, онымен күресіп шыңдалған екіншісі де әлемдік додалардан жүлде әкеле бастайды. Бәсекелестік зиянын тигізбейді, қайта дзюдоның дамуына серпін береді.

2011 жылдан бастап 60 келіде бірнеше адаммен қарсылас болдым. Саламат Отарбаев секілді ағаларымның жетегінде жүрдім. Ол да мен үшін мотивация болды. Менің бала күнімде үлкен ареналарда күрескен ағаларымыз ғой. Солармен бір залда дайындалу алғашында ғажайып дүниедей көрінетін. Базарбек Донбай, қазіргі құрама бапкері Нұрбол Сүлейменов бар. Олар әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарын ұтқан жоқ. Бірақ сол уақыттың аңызы болатын. Сыртынан естидік едік, көрген кезде жүгіріп барып сәлем беретін едік. Амандасқанның өзі күш беретіндей көрінетін. Одан кейін кейін 1986-1987 жылдардағы буынның жігіттерімен күрестік. Кейін Рустам Ибраев, Айбек Имашев секілді замандастарыммен белдестім. Ал қазір өзімнен 10 жас кіші балалармен күресіп жүрмін. Осы салмақта жүргеніме 14 жылдай уақыт өтіпті. Үш олимпиадалық циклге қатысқан екенмін. Мынау төртіншісі. 2012 жылы Лондонға ілікпей қалдым. Англия астанасына Еркебұлан Қосаев ағамыз барды. Ерекеңмен де біраз бәсекелестік. Бірақ арамызда ешқандай интрига болған емес.

– Ардагер спортшы деп айтса ренжисіз бе?

– Жоқ, ренжімеймін. Көңілім жас деп санаймын. Спорттық карьерамда уақытым келіп қалды деп айтып жатады. Жақсылық Үшкемпіров атамыз 30 жасында Олимпиада, 31 жасында әлем чемпионы болды ғой. Көптеген үлгі бар. Егер тағдырыма жазылған болса, Олимпиаданың алтынын аламын. Өзіме спортшы ретінде бұйырмаса, бапкер ретінде Олимпиада чемпионын шығарамын. Спортта талай жыл жүрген соң мақсат айқын. Ал мақсатыма жету үшін ештеңе кедергі емес. Олимпиада алтынын алу үшін не істеу керек, қандай қиындыққа төтеп беру керек – бәріне дайынмын.

– Сөз соңында тәжірибелі дзюдошы ретінде қазіргі қазақ дзюдосының аяқ алысы туралы айтсаңыз?

– Бұған пікір айта алмаймын. Бапкер емеспін. Сол құраманың ішінде жүрген соң, сыртынан бірдеңе деу қиын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мадина Асылбек