Ол өз өмірін спортқа толық арнаған
Дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі Есмигүл Куюлованың әлем чемпионаты кезінде жарақат алып, салдарынан жеңіліп қалғанын жазғанбыз. Тіпті спортшыны белдесуден кейін жедел жәрдеммен алып кеткені де белгілі болған. Осыған байланысты 1bol.kz тілшісі Есмигүлдің өзімен сұхбаттасып, оның қазіргі жағдайын және Олимпиадаға бару мүмкіндігін сұрап білді.
– Эсмигүл, денсаулығыңыз қалай? Сізді жарыстан соң жедел жәрдеммен алып кеткенін естідік.
– Қазір жаман емес. Қателік өзімнен кетті. Не-вазада оның мықты екенін білетінмін, біріншісінде тұрып кетуге әрекеттендім, екіншісінде аяғымнан ұстап құлатты. Өкінішке қарай, оның әдісіне түсіп қалдым. Қашып кетуге тырысқанмын, бірақ үлгермей қалдым.
Өзім де қорқып кеттім, енді тезірек қолымды емдетіп, жарақаттан айығуға тырысу керек. Сонан соң жарыстарға дайындаламын. Бұл жолы ұтылдым, бірақ бұл берілуге себеп емес.
– Жарыстан кейінгі көңіл-күйіңіз қалай?
– Әлі де неге бұлай болғанын түсіне алмай жатырмын. Чемпионат аяқталған соң жеңілісімді қабылдап, сонымен жұмыс істеу керек.
Гранд Слэм жарыстарында бұлай күйзелмейтінмін, бұл жолы әлем біріншілігі болғандықтан ба, әлі де өз-өзіме келе алмай жатырмын.
– Олимпиадаға бару мүмкіндігі қандай?
– Әзірге айта алмаймын, ол осы әлем біріншілігі толық аяқталған соң белгілі болады. Себебі барлығының ұпайын есептеп, сол бойынша анықтайды.
– Ата-анаңыз уайымдап қалған болар?
– Анашым қорқып кетіпті. «Уайымдамаңыз, бәрі жақсы» деп айттым.
– Өзіңіз уайыммен қалай күресесіз?
– Уайым кез келген спортшыда болады. Күйзеліс, абыржу, адреналиннің болуы да заңдылық.
– Алдағы жоспар қандай?
– Мұнымен тоқтап қалмайтыным анық, өсуге барымды саламын. Абиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева секілді чемпион атанғым келеді.
– Абиба да хабарласқан шығар?
– Иә, ол қазір Алматыда ғой. Хабарласып, жағдайымды сұрады. «Бәрі жақсы болады, бәрі алда» деп жұбатты.
– Екеуіңіздің бір-біріңізге деген қолдауыңызды білеміз. Онымен әдетте көп ақылдасасыз ба?
– Әрине, ол менің туған әпкемдей болып кеткен. Ақыл-кеңесін айтып отырады, бағыт-бағдар береді. Оның жасы да үлкен, тәжірибесі де көп қой.
– Не туралы сөйлесесіздер, тек спорт туралы ма, әлде жеке өмірге қатысты да ма?
– Әдетте спорт туралы ақыл-кеңесін айтады. Не жетпейді, жеңіске жету үшін не істеуім керек деп сұраймын. Оның жасы үлкендеу болғандықтан, қарым-қатынас туралы ойымыздың екі түрлі екені байқалып қалады.
– Әлеуметтік желіде жазатындар да көп болар?
– Білмеймін, жарыс кезінде қолдап жазып жатса, алғысымды айтамын, бірақ жеке парақшама келіп жатқан сұрауларды тексере бермеймін, әлеуметтік желіде отыратын уақыт жоқ. Оның үстіне менің қазіргі мақсатым бөлек.
– Ата-анаңыз бұл мақсатыңызды қолдай ма? Бізде көбі «қыз мұраты» туралы көп айтады ғой.
– Ата-анам, керісінше, «ешқайда асықпа, өміріңді спортпен байланыстырған екенсің, жарты жолдан тастап кетуге болмайды, бұл сенің тоқтайтын жерің емес, соңына дейін еңбектен, барыңды сал» деп ақыл айтып отырады. Әкем де, анам да бұрын дзюдошы болған ғой. Сондықтан олар спортшының жолын біледі. Менің дзюдоға әуестігім де сол кісілерден берілген.
– Дзюдоға келу – өз шешіміңіз ғой?
– Әрине, бала күнімнен осы спортты ерекше жақсы көрдім. Сондықтан да дзюдоны өмірімнің бір бөлшегіне айналдыратынымды жақсы білдім.
– Қазір желіде танымалдығыңыз артып келеді. Бұл қаншалықты ұнайды?
– Жалпы назардың көп ауғанын ұнатпаймын. Әрине, спортшы болғандықтан сен туралы жазылады, айтылады, оның бәрі түсінікті. Танымал болуға ұмтылмаймын, әйтпесе кез келген адаммен тез тіл табыса алатын қасиетім бар, тек назарда болғанды жақсы көрмеймін. Тіпті, Азия чемпионатынан кейін де көпшіліктің назары ауа бастағанын байқадым, сол кезде өзімді жайсыз сезіндім. Құттықтап немесе залда отырып қолдау көрсеткенде шабыттанамын, бірақ одан артық қарым-қатынас жасалса, ыңғайсыздана бастаймын. Бала кезімнен сондаймын.
– Дзюдомен айналысуды Өзбекстанда бастадыңыз ғой. Қазақстанға кетіп қалғаныңызды олар қалай қабылдады?
– Сол жақта жаттықтырған ағайым хабарласып, жағдайымды біліп тұрады, ақыл-кеңесін де айтады. Өзбекстан құрамасының қыздарымен де қарым-қатынасым жаман емес, сыйласып тұрамыз.
– Ол жақтағы жаттығу мен еліміздегі жаттығу процесінде айырмашалық үлкен бе? Абиба ол жақтағылар еңбекқорлыққа баулиды деп еді...
– Ол рас, Өзбекстанда бұған қатты мән береді. Спортта біреулерде талант, біреулерде еңбекқорлық болады.
– Өзіңізді қайсысына жатқызасыз?
– Еңбекқормын деп санаймын. Жаттығу жұмыстарына ерекше мән беремін, аз уақыт бөле бастасам, бірден өзімді жинақтап аламын.
– Сонда бос уақыт мүлде жоқ па?
– Бос уақыт деген болмайды ғой. Реті келіп жатса, Алматыда тауға, коньки тебуге барамыз. Бірақ оның өзі сирек. Жаттығу жиындары мен жарыстың арасында жүреміз. Бұл үнемі қайталанып отыратын процесс.
– Бір жүйенің қайталана беруі жалықтырмай ма? Қалай дегенмен жап-жассыз...
– Бұл біздің жұмысымыз, өміріміз. Өзіміз таңдаған, өзімізге ұнайтын сала. Жаныма осы жүйе жақын. Бір өкініштісі, ата-анаңды жиі көре алмайсың. Себебі үнемі жарыс пен даярлықта жүресің. Тек телефонмен сөйлесеміз, көрісуге де уақыт жоқ. Бірақ спортта құрбандықа бару керек, онсыз нәтиже келмейді.
– Ата-анаңыз қайда тұрады?
– Әкем Алматыда жұмыс істеп, қазір зейнетке шықты. Сондықтан анамның қасына – Ташкентке кетті.
– Сонда ата-анаңызды соңғы рет қашан көрдіңіз?
– Ақпан айында Ташкенттегі Гранд Слэмде жарақат алып қалып қатыса алмай қалдым, ата-анамды сол кезде көргенмін. Ал арнайы барып көруге уақыт жоқ, тек оқу-жаттығу жиындары немесе жарысқа барып жатсам ғана көремін.
– Сонда жылына бір қана көресіз бе?
– Кейде жылына бір рет те көрмейтін кездер болады. Үйге бара алмаймын. Сағынасың, бірақ амал жоқ. Мерекелерде де жаттығу жасаймын.
– Өзіңіз әлі студент екенсіз... Қай салада білім алып жатырсыз?
– Қазір университетте дене шынықтыруда оқимын, бұған дейін колледжде білім алдым. Негізінен өмірім спортпен байланысты болатын шығар деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет! Жеңісіңіз көп болсын!