Зайнутдинов пен Айымбетовті Түркия қалай қабылдады? Қазақстандық қақпашы жауап берді

02.06.2024, 12:14

Қыздар футболынан Түркия чемпионатында 18 команда өнер көрсетсе, Қазақстанда небәрі 5 команда жарысқа түседі

Қазақстан футбол федерациясы

Түркияның «Хаккаригюджу» футбол клубында ойнайтын Қазақстан әйелдер құрамасының қақпашысы Ангелина Портнова 1bol.kz тілшісіне сұхбат беріп, Түркия чемпионаты және түріктердің қазақстандық футболшыларға көзқарасы туралы айтып берді.

Қазақстан әйелдер құрамасы Еуро-2025 іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда Армениядан жеңілген еді. Сұхбат осы ойыннан кейін жазылды.

– Алдымен Қазақстан футбол федерациясына алғысымды білдіремін. Себебі ұлттық құрама сапында болу мен үшін үлкен мәртебе. Команданың әрбір ойыншысына да алғым шексіз, қыздар барын салып ойнады. Өкінішке қарай, таблодағы есеп ойымыздағыдай болмады. Жүзеге асыра алмай қалған сәттеріміз көп. Алдағы ойында олқылықтың орнын толықтыруға тырысамыз.

– Арменияның басымдығы неде болды деп ойлайсыз?

– Ауа райы әсер еткен шығар, бұл жақта тым қапырық екен, бейімделіп үлгермедік.

– Өзіңіз футболға қалай келдіңіз?

– Спорттағы жолымды жеңіл атлетикадан бастағанмын. Астанадағы олимпиадалық даярлық мектебінде оқып жүргенмін, сол жерде бапкер мені байқап, футболда бақ сынап көруге ұсыныс білдірді.

– Сонда қақпашы ретінде шақырды ма?

– Өзіме қақпада тұрған ұнайды. Футбол – командалық спорт түрі, мұнда адреналин көп, сол үшін де жақсы көремін.

– Түркия чемпионатында ойнайтыныңызды білеміз. Ол жаққа қалай шақырту алдыңыз?

– Армениямен жолдастық кездесуден соң шақырту түсті. Сол кездегі ойында көзге түскен екенмін.

– Қазақстан мен Түркия чемпионаттарының деңгейінде айырмашылық қаншалықты үлкен?

– Ол жақта деңгей бөлек, себебі бәсекелестік жоғары – 16 команда ойнайды. Ал бізде бесеу ғана. Мысалы 2021 жылы, мен алғаш келгенде, Түркияда 24 команда ойнайтын, сондықтан біз екі топқа бөлініп едік.

Жуық арада Қазақстанда да клубтар саны артады деп ойлаймын. Негізі Түркияда жанкүйерлер арасында да футболға қызығушылық жоғары.

– Түркияға бейімделу қаншалықты қиын болды?

– Аса қиналған жоқпын, қазір солардың бірі болып кеттім.

– Қазақстандық қақпашыны олар қалай қабылдады?

– Команда жақсы қабылдады. Қыздармен тез достасып кеттік. Қалай дегенмен бауырлас халықпыз ғой…

– Қазір Түркия чемпионатында Бахтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов ойнайды. Оларға жергілікті жанкүйерлердің қарым-қатынасы қалай?

– Біледі, көзқарасы дұрыс, менен де олар туралы сұрап тұрады. Айтпақшы, Абат қазір бұрын мен ойнап кеткен клубта өнер көрсетеді. Футболды жақсы көретін қала. Жігіттерге сәттілік тілеймін! Біздің футболшылардың Түркияда ойнап жүргеніне қуаныштымын.