«Қаржымен ынталандырады»: Қазақстан бокс федерациясы ІВА құрамынан шыға ма?

Редактор
15.07.2024, 22:35

Сарапшылар Қазақстан бокс федерациясы әзірге үнсіздікті ұстануы тиіс деп отыр

әлеуметтік желі

Жақында Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Қазақстан бокс федерациясының басшылығына Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) шығуы керек деп ұсыныс айтқаны белгілі. Осыдан кейін оның пікіріне қарсы шығып, сынаушылардың қатары артты.

Осы орайда Бірінші бол редакциясы бірнеше маманға хабарласып, «Еліміздің бокс федерациясы ІВА-дан шығуы қажет пе?» деген сауалға жауап алып көрді.

Бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергеновтің айтуынша, қазір ІВА-ның ынталандыруы әуесқой боксшылар үшін өте маңызды. Себебі, қауымдастық әлем чемпионатында жүлде алған боксшыларға қомақты қаржы беріп отыр.

«Бұл жерде ХОК боксқа жауапты ұйымды өзі ұсынып, өзге федерациялардың кіруін ұсынды. Ал Головкин де бұған өз тұрғысынан жауап беріп отыр. 2028 жылғы Олимпиадаға мүше емес елдерді қатыстырмайды деген сөз еш қисынға келмейді. Себебі, Қазақстан, Ресей, Куба секілді елдердің боксшыларынсыз Олимпиаданы елестету мүмкін емес. Өйткені, бұл елдердің спортшыларынсыз бокстың сәні кірмейді. Қазір Еуропаның көптеген елдері World Boxing құрамына кіріп үлгерді. Мысалы, келесі әлем чемпионатында жеңімпаз атанған боксшыға 400 мың АҚШ долларын береді деген дерек бар. Егер осылай болса, әуесқой боксшыларды өзге жарыстар қызықтырмауы мүмкін. Жалпы, алдағы уақытта ІВА Олимпиадада боксты өткізуге қосылады деп ойлаймын. Оның барлығы алдағы жылдары шешімін табуы тиіс», - деді Ердос Жаңабергенов.

Ал бокс менеджері Жанпейіс Назарғалидің сөзінше, Қазақстан бокс федерациясы әзірге үнсіздікті ұстануы тиіс. Себебі, бейтараптық алдағы уақыттағы мәселенің шешіміне себеп болмақ.

«Геннадий Головкиннің айтқан пікірін оның кәсіпқой боксшының көзқарасы деп санаймын. Ол әуесқойдың ішінде жағдайды түсіне бермейді деп ойлаймын. МОК-тың ІВА-ны Олимпиададан шеттету мәселесі оның жаңа президенті Ресей азаматы сайланғаннан кейін басталды. Егер оның орнында басқа елдің өкілі болса, жағдай басқаша болар ма еді?! World Boxing-ке Еуропа және Оңтүстік Америка елдерінің құрамалары мүше болып отыр. Ал ІВА-ның боксшыларға үсынған қомақты ақшалай сыйлығы көпшілікті қызықтырады. Әлем чемпионатынан бөлек, биыл Олимпиадада чемпион атанған боксшыларға да қомақты сыйақы беруді көздейді. Бұдан бөлек, «ІВА чемпиондар түні» деген жобаны қолға алды. Бұның барлығы қаржылай ақша табу жағынан жол ашты. Егер ІВА-ның құрамынан шығатын болсақ, бір жағынан боксшылар жарыстарда берілетін қаражат көзінен айырылады. Ал World Boxing қазір ешқандай күші, қолдауы жоқ. Беделі де бар деп айта алмас едім. Ал бұл ретте Қазақстан бокс федерациясы бейтарап ұстанымда болуы керек. Көп жағдай Париж Олимпиадасынан кейін шешіледі. Сондықтан ақырын күтуіміз керек. Себебі, ХОК World Boxing ұйымына нақты бір міндетті жүктеген жоқ», - дейді Жанпейіс Назарғали.

Осыған дейін Ресейдің бокс федерациясының бапкерлер кеңесінің төрағасы Эдуард Кравцов Головкиннің өзінде үлкен мәселе бар деп сынға алған еді.