«Бір алтын, бір күміс, бір қола». Қазақстан боксшылары Парижден қанша медаль алатыны айтылды

23.07.2024, 10:05

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкенов болжам жасады

rsk.almaty

Париж олимпиадасының жалауы желбіреуіне бірнеше күн қалды. Жанкүйерлердің отандық спортшылардың әлеуетіне қатысты болжамы әртүрлі. Дегенмен топ жарады, алтын медаль болады деген спорт түрлерінің ішінде бокс көш басында тұр. Осы орайда Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкеновтен Олимпиадаға қатысты пікірін сұрадық. 

– Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күн қалды. Екі апта бойы тақымымызды қысып отырамыз. Бокс құрамасы өте талантты жігіттерден құралған. Бірақ бақ шаба ма, бап шаба ма деп жатады ғой. Бапкерлердің бағдарламасын, жоспарын білмеймін. Сөйте тұра бір алтын, бір күміс және бір қола медаль алу дәстүрімізді бар, соған қол жеткізсек, қуанушы едік.

Ерлер арасында жеті салмақ бар, ал медальға қаншама елдің өкілдері таласады. Азия құрлығында бокс деңгейі жақсы дамып жатыр. Бокста Еуропа, Латын Америкасы мен АҚШ-тың өз ізі бар. Қазақтың бокста 1930 жылы Шоқыр атамыз бастаған өз мектебі бар, сондықтан олар біздің жігіттерге қарсы арнайы дайындалады. Кезінде Мұхаммед Әли: «Маған аяғын көрсет, оның қандай боксшы екенін айтамын» деп еді ғой. Бұл жағынан біздің боксшылар мақтан тұтарлықтай. 

– Токиода қоланы қанағат тұтқан соң біраз жанкүйердің жүрегі шайылып қалғаны рас. Кімнен медаль күтеміз?

– Токиода ұрпақ алмасуды бастан өткеріп жатыр едік, сондықтан нәтиже сондай болды. Қазір жігіттер тәжірибе жинап қалды. Салмаққа бейімделді. Жігіттердің боксына қарап сүйсінеміз. Биыл әлгінде айтқан бір алтын, бір күміс пен бір қоланы Құдайдан тілейміз. Одан асырып алып жатса, қуанамыз ғой. Бірақ ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Бәріне үміт артамыз. Спортшыларымыз топырлатып медаль алып, еңсемізді көтеріп жіберсе дейміз. Әйтпесе көңіл құлазытатын жаңалықтан шаршадық.

Материалда: