«Жеңімпазды ринг анықтайды»: Сағындық Тоғамбай Қамшыбек Қоңқабаевпен жекпе-жекке дайын екенін айтты

Редактор
03.10.2024, 15:43

Азия Ойындарының жүлдегері бас бапкермен және Айтжановпен байланысы туралы да сөз қозғады

ҰОК

Шымкентте бокстан өтіп жатқан Кеңес одағының батыры Қарақозы Әбдіәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде 92 келіде бақ сынап жатқан Сағындық Тоғамбай 1bol.kz тілшісіне сұхбат беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Азия Ойындарының жүлдегері қараша айының соңында өтетін құрлық біріншілігіне қатысуды көздейтінін айтты.

«Бұл жолғы мақсатым - Азия чемпионатына қатысу. Сол үшін осы турнирде жеңіске жетіп, өзімді жақсы қырымнан көрсетуді көздеймін. Жарыс алдында оқу-жаттығу жиындарында бас бапкер Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен дайындалдық. Ол кісі біздің жасөспірімдер, жастар құрамасында баптаған. Әкеміздей адам болып кетті. Бас бапкер емес уақытта да бізбен үнемі байланыста болды. Азия Ойындарында да өзінің жеке ақыл-кеңесін беріп отырды. Бір-бірімізді ыммен түсінеміз», - деді Сағындық Тоғамбай.

Сондай-ақ, боксшы өзінің 92 келіде ары қарай өнер көрсетуге ниетті екенін айта келе, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевқа қатысты пікір білдірді. Себебі, бұған дейін бас бапкер Қайрат Сәтжанов Токио Олимпиадасының қола жүлдегерін 92 келіге ауысуы мүмкін екенін айтқан болатын.

«86 келіде мен тек бір ғана жарысқа қатыстым. Басқа уақыттарда 92 келіде бақ сынадым. Бұған дейінгі жарыстарда, Азия Ойындары, спартакиада болсын салмағым жетпей тұратын. Қазір физикалық тұрғыда толысып, 92 келіге төселдім деп ойлаймын. Әлемде қай боксшымен болсын жұдырықтасуға дайынмын. Қамшыбек Қоңқабаевты өте қатты сыйлаймын. Аға деп үлгі тұтып жүремін. Бірақ шаршы алаңда кездессек, өз мүмкіндігімді мүлт жібермеймін. Жеңімпазды ринг анықтайды», - деді ол.

Сондай-ақ, Сағындық Тоғамбай Париж Олимпиадасында Айбек Оралбайдан басым түскен Әзірбайжан боксшының жетістігіне өз ойын айтты. Кубадан Әзірбайжанға келген легионер боксшы Лорен Альфонсо Домингесті Тоғамбай Бакуде өткен турнирде ұтқан еді.

«Олимпаданы қарап отырып «қап әттеген-ай» деп бармақ тістеген сәт болды. Парижде Айбек Оралбайды әзірбайжан боксшысы ұтқанда солай қынжылдым. Бір жағынан Лорен Альфонсо Домингес үшін де қуандым. Өзім жеңген боксшы Олимпиада финалына шығып жатса, демек ол деңгейге мен де қол жеткізе аламын деген сенім күшейе түсті», - деді Сағындық Тоғамбай.

Боксшы алда ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжановпен бірге жұмыс істейтінін жеткізді.

«Мырзағали Айтжановпен алдағы уақытта да бірге жаттыға беремін. Бұл жарысқа ол кісі отбасылық жағдайына байланысты келе алмады. Оқу-жаттығу жиындарында бапкер ретінде мені сол кісі жақсылап дайындады. Телефонмен үнемі байланыстамыз. Жекпе-жек алдында хабарласып, тактиканы құрып, ақыл-кеңесін айтты. Жалпы, ол кісінің жетекшілігімен ары қарай жаттыға береміз», - деді боксшы.

Бұдан бөлек, Сағындық Тоғамбай ел ішінде өз салмағында Данияр Рахымберлинов, Магомед Юсупов мықты қарсыластарына тоқталды. Сонымен бірге, есімі бейтаныс тегеурінді боксшылардың көп екенін атап өтті.