Әлем чемпионатынан кейін сыйлық алмадым – Жәмила Бақбергенова сұхбат берді

14.11.2024, 11:57

Төрт әлем чемпионатында қатарынан жүлде алған бұрымды балуан жоспарын айтты

ҰОК

Әйелдер күресінен ұлттық құрама сапындағы Жәмила Бақбергенованың соңғы жылдары қол жеткізген жетістігі отандық күрес тарихындағы толағай табыс болып саналады. Соңғы өткен төрт әлем чемпионатында қатарынан жүлде алған бұрымды балуан таяуда ғана Албанияда өткен дүниежүзілік біріншілікте өзінің 4-ші жүлдесін иеленіп, үшінші рет күміспен күптелді. Елге келген балуан 1bol.kz тілшісіне арнайы сұхбат берді.

– Жәмила, сіз әлем чемпионатында осымен 5-ші рет жартылай финалға, 3-ші рет финалға шықтыңыз. Мұндай көрсеткішті қазақ балуандары әзірге қайталаған жоқ. Соңғы әлем чемпионатына дайындық қалай өтті? Деңгейін қалай бағалар едіңіз?  

– Әлем чемпионатына жатпай-тұрмай дайындалдық. Өйткені, биыл Париждегі ойындарға лицензия ала алмай қалғаннан кейін де жаттығуды тоқтатқан жоқпыз. Жеке бапкерім екеуміз маусым айынан бастап толық түрде кірістік. Бішкек, Ыстықкөлге барып жеке жаттығу бойынша дайындалдық. Бабымда болғандықтан Тиранада күресуге тас-түйін дайын болдым. Әр белдесуде жеңіске жетудің мен үшін ауадай қажет екенін қатты сезіндім.

– Әлем біріншілігінің финалында үш рет күресіп, күміспен күптелу қазақ әйелдер күресі тарихында алтын әріппен жазылады. Дегенмен, алтын алмады деген өкініш бар шығар. Тирана финалында сіз бәр сәттерде 4:2 есебімен алға шықтыңыз. Қай тұста қателікке бой алдырдыңыз? Тактикалық тұрғыда бапкеріңіз қандай нұсқаны ұсынды?

– Тиранада алтын аламыз деген ой болды. Мақсат -әрқашан чемпион болу. Маған қалай күресуді, тактиканы жеке бапкерім белгілеп береді. Негізінен финалда бәрі дұрыс болды. Тіпті, ұпай саны бойынша да алға шықтым. Бірақ күтпеген жерден қателікке бой алдырып, уыста тұрған алтын сусып шығып кетті. Бұл өкініштің орны алда жарыстарда толады деген үміттемін. Көкейдегі әлем, Олимпиада чемпионы болсам деген арман ешқашан өшкен емес.

– Биыл сіз үшін Париж Олимпиадасының жолдамасы мүмкін болмаса да, жылды жақсы аяқтадыңыз. Әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсете алдыңыз. Тіпті, әйелдер құрамасының жалғыз лидері ретінде сіздің есім ерекше аталады. Енді алдағы жоспарыңыз қандай? Жаңа циклда қай салмақта белдесесіз?

– Биыл Париж Олимпадасынан тыс қалғанымыз болмаса, жылды жақсы түйіндедік. Қазіргі уақытта 72 келіде белдесе беремін. Алдағы уақытта бұл салмақ Олимпиада бағдарламасына да енуі мүмкін деген болжам бар. Өзімнің де ыңғайым аталған салмаққа өте жақсы келеді. 

– Сіз екі салмақта күресудің қандай ауыртпалығы бар? 72 мен 76 келіде күресудің қайсысы сіз үшін өте ыңғайлы?

– 76 келіге ауысқан себебім - ол тек Олимпиада үшін ғана болды. Олимпиадаға қатыссам, сол додада сынға түссем деген ниетпен жоғары көтерілдік. Алайда Франция астанасында белдесу бұйырмады. 76 келіде күресу үшін соған сай күшін, күресің болуы керек. Еуропаның балуандары бұл салмақта өте күшті, бойшаң. Токио Олимпиадасының алдында лицензиялық жарыста белдесу үшін 68 келіде бақ сынадым. Дегенмен, кейін өз салмағыма оралдым. Сондықтан маған 72 келіде күресу өте ыңғайлы болып отыр.

– Салмақ қуу мәселесі қаншалықты қиындық тудырады? Негізінен қалыпты салмағыңыз қанша келі?

– Қалыпты салмағым 76-77 келі. Ал 72 келіге түсу маған аса қиын емес. Негізінен балуандар салмақ қуу керек. Сонда оның пайдасын көреді. Сол арқылы жылдамдығыңды реттейсің, бабыңа тез келесің. Осы уақытқа дейін салмақ қуудан қиындық көрдім деп айта алмаймын.

– Біздің елде спортта айтулы табысқа жету спортшы үшін әлеуметтік лифт деуге болады. Мұндай спортшыларға федерациялардан бөлек, жеке демеушілер есебінен бағалы сыйлықтар беріледі. Құпия болмаса, айтыңызшы... Әлем чемпионаттарындағы толағай табыстан кейін сізге қандай бағалы сыйлықтар берілді?  Мысалы, Тиранадан кейін Нұрқожа Қайпанов пен Ержет Жарылқасынға қымбат көлік тарту етілді...

– Әлем чемпионатынан кейін ешқандай сыйақы алмадым. Бұйырған дүние болса алатын шығармыз. Алда федерация желтоқсан айында марапаттайды. (Айта кететін жайт, өткен жылы әлем чемпионатынан жүлде алған Жәмилаға демеушілер көлік тарту еткен болатын - ред.)

– Жақын күндері сыңарыңыз Мәдина кішкентайлы болды. Бауы берік болсын. Мәдина алда үлкен спортқа орала ма? Сізді қазір сонда Мәдинаның жұбайы Нұрсұлтан Теміров баптап жүр ғой?

– Сыңарым Мәдина босанып, қыз баланы дүниеге әкеліп, үшінші баланың анасы атанды. Оның бозкілемге оралуына қатысты ештеңе айта алмаймын, бәрі өзіне байланысты. Күйеуімен ақылдаса отырып шешеді. Менің жеке бапкерім жездем, Мәдинаның күйеуі Нұрсұлтан Теміров. Үш жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Сол уақыттан бері жаман нәтиже көрсеткен жоқпыз. Алда да табысты жұмыс істеп, өз мансабымдағы маңызды жүлделерге қол жеткіземін деген ойдамын.

– Ата-анаңыз сіздің спорттағы жолыңызды қалай бағалайды? Бозкілемге шыққанда жүректері дауалап, қарай ала ма? 

– Ата-анамыз спортта жүргеніме түсіністікпен қарап, жоғары деңгейде қолдайды. Әрдайым тілеуімді тілеп, маған тыйым салған емес. Жеңіске жетсем, төбелері көкке бір елі жетпей қалады. Есе жіберсем, уайымдайды. Олардың да тілегі – менің Олимпиада биігіне шыққанымды көру. Әкем менің белдесулерімді үнемі қарап, жанкүйер болып отырады. Анам керісінше белдесу кезінде теледидар алдында отыра алмайды. 

– Әңгімеңізге рахмет!