Ол енді әлем чемпионатына дайындалып жатыр
Жуырда Сеулде өткен мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатында жеңімпаз болған қазақстандық Михаил Шайдоров осынау жарыста өзіне қарсы жасалған кедергі туралы айтты.
1bol.kz тілшісіне сұхбат берген спортшы жарыстан кейінгі әсері және алға қойған мақсаттары туралы да сөз етті. Еске салайық, Шайдоров Сеулдің алдында Қытайдағы Азия ойындарында қола жүлдегер атанған болатын.
– Азия ойындарынан кейін бірден Төрт құрлық чемпионатында өнер көрсеттіңіз. Физикалық және психологиялық тұрғыдан қиынға соққан жоқ па?
– Иә, жарыс айтарлықтай қиын өтті. Бірінен соң бірі екі жарысқа қатысу оңай емес. Енді қазір біраз уақыт демалғым келеді. Қалпыма келуім керек.
– Он жылдан кейін Денис Теннің жетістігін қайталадыңыз. Жалпы әсеріңіз қандай?
– Шынымды айтсам, қысқа бағдарламада көш бастағаныма өзім де сенбей, таң қалдым. Осыдан кейін мен жүлдеге таласатынымды білдім. Сондай-ақ, еркін бағдарламада өнер көрсетуге шыққанда, маған мүлдем басқа музыка қосты. Бірақ бұл жайт менің сәтті өнер көрсетуіме кедергісін келтірген жоқ. Керісінше, ойлағаннан да жақсы өнер көрсеттім. Мұндай жағдай менің мансабымда бірінші рет болды. Төрт құрлық додасында дәл Денис Тен өнер көрсеткен аренада чемпион атанамын деп ойламадым.
– Ұйымдастырушы тарап музыканы ауыстырып жібергені үшін кешірім сұрады ма?
– Иә, үш күн бойы кешірім сұрады. Ұйымдастырушылардың бұл қателігі ойымнан жаңылдырмады, керісінше көмектескендей болды.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Енді алда әлем чемпионаты күтіп тұр. Бұдан да жоғары деңгейде дайындықпен барғым келеді. Ол үшін тыңғылықты дайындалуым керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айта кетейік, Шайдоров чемпион болған Төрт құрлық чемпионатында осыдан тура он жыл бұрын Денис Тен де чемпион болған.