Қазіргі бар ойым – үйіме барып демалу. Үйімді, ұлымды қатты сағындым
Ливерпульде өткен әлем чемпионатының соңғы күнінде 50 келі салмақта ел қоржынына алғашқы алтынды қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай салды. Бұған дейін ол 2023 жылы Ташкентте әлем чемпионы атанған еді. Осы жолы да топ жарып, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Жеңістен кейін біз Санжардың өзімен сөйлесіп, алдағы жоспарларын сұрап білдік.
– Санжар, тарихи жеңісіңізбен құттықтаймыз! Финалдағы жекпе-жек қалай өтті? Қиынға соққан жоқ па?
– Барша жанкүйерге көп рақмет! Аллаға шүкір, Алланың қалауымен екі дүркін әлем чемпионы атанып жатырмын. Финалдағы қарсылас өте мықты болды. Ешкім жайдан-жай финалға шықпайды. Оның барлық жекпе-жектерін алдын ала қарап, зерттеп шықтым. Ақтық айқасқа жоғары деңгейде дайындалдым. Жекпе-жек ойдағыдай өтті.
– Енді салмақ ауыстыру жоспарда бар ма? Себебі сіздің салмағыңыз Олимпиада бағдарламасында жоқ қой. Әлде кәсіпқой боксқа ауысасыз ба?
– Алдағы жоспар әзірге белгісіз. Әрине, барлық спортшының мақсаты – Олимпиада чемпионы болу. Менің де Олимпиада чемпионы болғым келеді.
– Кәсіпқой бокстан ұсыныстар түсіп жатқан жоқ па? Жақын арада сол жақтан көріп қалуымыз мүмкін бе?
– Қазіргі бар ойым – үйіме барып демалу. Үйімді, ұлымды қатты сағындым. Бұл жеңіске жетуіме үлкен қолдау болды. Барша қазақ еліне зор алғысымды білдіремін.
Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай финалда моңғолиялық Баттулга Алдархишигті жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды.