Роналду америкалық лидермен жүздесуге ниетті екенін айтқан
АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Ақ үйде Португалия құрамасының жұлдызы Криштиану Роналдумен кездеседі.
Бұл туралы Mundo Deportivo басылымы жазды. Бұған дейін Роналду журналист Пирс Морганға берген сұхбатында америкалық лидермен жүздесуге ниетті екенін айтқан еді.
Сейсенбі күні Трамп Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманды да қабылдайды деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта Роналду Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында өнер көрсетеді. Екі тұлғаның бір күнде Вашингтонға келуі бір-бірімен байланысты ма, ол жағы әзірге белгісіз.
40 жастағы Криштиану Роналду - футбол тарихындағы ең атақты ойыншылардың бірі. Ол бес дүркін «Алтын доп» иегері, бес мәрте Чемпиондар лигасының жеңімпазы, Еуропа чемпионы, екі рет Ұлттар лигасында топ жарып, сондай-ақ ұлттық құрамалар, Еуропа чемпионаттары және Чемпиондар лигасы тарихындағы үздік сұрмерген саналады.
Португалия құрамасы жексенбі күні 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Турнир 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді.