Облыс әкімі клубтың баланстық құны 200 млн теңге екенін хабарлады
Клубты ақтөбелік кәсіпкер, «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы әрі құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев сатып алмақ. Құжаттарды рәсімдеу жұмысы алдағы бір-екі айда толық аяқталуы тиіс.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, Артықбаев бала кезінен «Ақтөбенің» жанкүйері болған.
«Бюджеттен қаржы бөлінбейді, ол кісілер клубты жетілдіреді. Өзі кішкентайынан клубтың жанкүйері болған екен. Сол кезде-ақ болашақта мүмкіндік болса, үлес қосамын деп армандаған. Өзі хабарласып, президенттің тапсырмасын жүзеге асыруға дайын екенін білдірді. Қалай болатынын, клубқа қанша бөлінетінін кәсіпкердің командасы айтады. Біз де тыс қалмаймыз, қажетті инфрақұрылым, соның ішінде балалар, жасөспірімдер футболы басты назарда болады», - деді Ақтөбе облысының әкімі Шахаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Облыс әкімі клубтың баланстық құны 200 млн теңге екенін хабарлады.
Брифинг барысында өңір басшысы жаңа стадион құрылысына да тоқталды. Оның айтуынша, ФИФА талаптарына сай арена салу үлкен қаражатты қажет етеді. Дегенмен сұранысқа сүйене отырып, 35 мың орындық стадион жобасы таңдалған.
Асхат Шахаровтың мәлімдеуінше, Еурокубок ойындары кезінде жанкүйерлер сұранысы 160 мыңға дейін, ал ішкі чемпионатта 50-55 мыңға дейін жетеді. Құрылысшылар жобаны екі жыл ішінде аяқтауға дайын.