Ол бұрынғы күйеуінен алимент талап етуді көздеп отыр
Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, сербиялық Ана Иванович 2014 жылғы әлем чемпионы Бастиан Швайнштайгермен ажырасуға өтініш берді.
Бұл туралы Spiegel басылымы жазды. 38 жастағы бұрынғы теннисші Мюнхеннің округтік сотына жүгінген. Ол бұрынғы күйеуінен алимент талап етуді көздеп отыр. Спортшы жұптың айырылысқаны туралы 2025 жылдың сәуірінде белгілі болған еді. Сол кезде Spiegel спортшылардың Brax киім брендінен айырылғанын жазған. Компания оларға 2027 жылға дейінгі келісімшартты екі жақ жұп болып қалған жағдайда ғана сақтап қалатынын хабарлаған болатын.
Ана Иванович пен Бастиан Швайнштайгер 2014 жылы сөз байласқанымен, 2016 жылы Венецияда шаңырақ көтерген. Олардың Лука (2018 ж.), Леон (2019 ж.) және Тео (2023 ж.) есімді үш ұлы бар.
Иванович 2016 жылы кәсіби мансабын аяқтаған. Ол WTA турнирлерінде 15 титул жеңіп алса, соның ішінде 2008 жылғы «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіске жеткен.
41 жастағы Швайнштайгер «Бавария» сапында сегіз дүркін Германия чемпионы атанып, жеті Ұлттық Кубок, екі Суперкубок және Чемпиондар лигасын жеңіп алған футболшы. Ол футболшы ретінде мансабын 2019 жылы аяқтаған-тын.