Әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді
ФИФА АҚШ президенті Дональд Трамптың футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне арналған жеребе тарту рәсіміне қатысатынын хабарлады. Салтанатты шара бүгін, 5 желтоқсанда, Вашингтондағы Кеннеди орталығында өтеді.
Трамппен бірге Мексика президенті Клаудия Шейнбаум және Канада премьер-министрі Марк Карни қатысады. Алдағы чемпионатта Мексика мен Канада әрқайсысы 13 матчтан қабылдаса, негізгі ойындардың басым бөлігі – 78 кездесуі АҚШ-та өтеді.
АҚШ президентінің шараға келуі күтпеген жағдай емес. Бұған дейін Трамп өзіне саяси тұрғыда жақын кейбір шетелдік лидерлерге жеке шақырту жіберген еді. Солардың бірі – әлем чемпионы Аргентина президенті Хавьер Милей.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұл тарихтағы алғаш рет 48 құрама қатысатын мундиаль болмақ.