Сарапшы бұған бірнеше фактор әсер еткенін айтады.
Кеше ғана Қазақста құрамасы мен «Елімай» клубының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебектің Ресей чемпионатын ауысатыны жайлы ақпарат тарады.
Дереккөздер аяқдоп шебері Грозныйдың «Ахмат» клубының сапын толықтырады деп отыр. Осы орайда Еуропа чемпионаттарына кетеді-ау деген футболшымыздың Ресей біріншілігімен шектелуі жанкүйерлердің көңілінен аса шыға қоймаған тәрізді. Осы орайда футбол сарапшысы Болат Есмағамбетовтен Кенжебектің РПЛ-ге ауысуына қатысты пікірін сұрадық.

«Футболда «ойын тәжірибесі» деген ұғым бар. Шетелге барып, басқа чемпионатта ойнау футболшыны өсіреді. Ол «Қайрат», «Жеңіс» клубтарында ойнады, сонан соң Словакияның «Кошице» сапында бақ сынап көрді. Кейін елге оралып, «Елімайда» тәп-тәуір маусым өткізді. Қазір Кенжебек үшін жаңа кезеңге аяқ басатын уақыт келген сияқты», – дейді Есмағамбетов.
Оның айтуынша, бұл трансферге бірнеше фактор әсер еткен болуы мүмкін. Соның бірі – қаржылық жағдай.
«Футболшының агенті болады, ал агент үшін ең маңыздысы – жақсы келісімшарт. Ресей клубтары, соның ішінде «Ахмат» жақсы жалақы төлейді. Футболшының спорттағы карьерасы ұзақ еместігін ескерсек, кез келген адам материалдық жағдайын да түзеп алғысы келетіні анық. Оның үстіне бұл клубта шабуыл шебінде мәселе бар екені белгілі. Сондықтан Кенжебекке сұраныс туындады», – дейді маман.
Сарапшы футболшы неге Еуропаға емес, Ресейге кетті деген сұраққа да тоқталды.
«Бұл жерде прагматикалық шешім бар. Біріншіден, тіл мәселесі: Ресейде ол ортаға тез сіңіседі. Екіншіден, Қазақстанға қарағанда Ресей чемпионатында бәсеке де, қарқын да жоғарылау. Үшіншіден және ең маңыздысы – қазақстандық футболшылар Ресейде легионер саналмайды. Әйтпесе ол жақта шетелдіктерге қатысты лимит бар, ал бұл Кенжебек үшін үлкен артықшылық», – деп түсіндірді Есмағамбетов.
Сонымен қатар ол бұл трансфердің клуб үшін қаржылық тұрғыдан да тиімді болуы мүмкін екенін айтады.
«Білуімше, ол «Ахматқа» еркін агент ретінде тегін ауысқан. Бұл клуб үшін де, футболшы үшін де тиімді. Клуб трансферге ақша жұмсамайды, ал ойыншы тұрақты жалақы алады. Сондықтан болашағын, отбасын, материалдық жағдайын ойлауы заңдылық», – дейді сарапшы.
Есмағамбетов футболшының жеке өміріндегі өзгерістер де шешімге әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Ғалымжан жақында үйленді. Отбасылы адам болған соң, тұрақтылық, қаржылық қауіпсіздік бірінші орынға шығады. Әйелімен ақылдасып, «тіл білетін, ортаға тез үйренетін елге барайық» деген ой келген шығар. Үй, тұрмыс, болашақ – мұның бәрі маңызды факторлар», – дейді ол.
Дегенмен сарапшы бұл трансфердің дұрыс-бұрысын қазір кесіп айту қиын екенін алға тартады.
«Дұрыс шешім болды ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді. Егер «Ахматта» ойнап кетсе, шыңдалса, бәрі «дұрыс таңдау болды» дейді. Ал егер алаңға шықпай, қосалқы құрамда қалып қойса, сын көбейеді. Бірақ футболшының тағдыры – өз қолында», – дейді Болат Есмағамбетов.
Сөз соңында ол қазақстандық футболшылардың шетелге шыққанда жиі кездесетін қиындықтарын да атап өтті. Маман әсіресе тіл мен менталитеттегі айырмашылықтар отандық аяқдоп шеберлерінің Еуропада тұрақтап қалуына кедергі деп санайды.
«Бұған дейін Түркияға, Данияға барған жігіттеріміз ойнай алмай қайтты. Себебі тіл, менталитет, бәсекелестік деген бар. Кезінде Абат Айымбетов пен жарақат алған Бахтиер Зайнутдинов Түркияда қосалқы құрамда отырды. Ол кезде Түркия түркі елдерінің футболшыларын легионер санамайтын уақыт еді. Кейін ол қалды. Ал Ресей бұл жағынан бізге жақын. Сондықтан Кенжебектің бұл қадамы логикаға сай», – деп түйіндеді сарапшы.