Жарнама
Жарнама

«Ақтөбе» капитаны Әлібек Қасым ресми түрде командадан кетті

Редактор
31.12.2025, 20:00

«Астана» клубында жалғастыруы мүмкін

"Ақтөбе" клубының баспасөз қызметі

«Ақтөбе»командсының капитаны Әлібек Қасым өзара келісім негізінде келісімшартты тоқтатты.

Клуб мәліметінше, Әлібек Қасым 2022 жылдан бері «қызыл-ақтардың» намысын қорғап, команданың нағыз көшбасшыларының біріне айналды әрі жанкүйерлердің сүйікті ойыншысы болды. Ол алаңда тек сенімді қорғаушы ғана емес, шешуші сәттерде маңызды голдар соға білген нәтижелі футболшы ретінде де танылды.

Төрт маусым ішінде Қасым «Ақтөбе» жейдесінде 100-ден астам матч өткізіп, 17 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген. Осы көрсеткіштері арқылы ол клуб тарихындағы ең нәтижелі қорғаушылардың қатарына енді.

«Әлібекке жарқын маусымдары, алаңдағы қайсар мінезі мен «Ақтөбенің» абыройын лайықты қорғағаны үшін алғыс айтамыз. Алдағы мансабына үлкен табыс тілейміз!» - делінген клубтың ресми хабарламасында.

Айта кетейік, Әлібек Қасым «Ақтөбе» сапында Қазақстан Кубогын жеңіп алып, Қазақстан Премьер-лигасының күміс және қола жүлделерін иеленді.

Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы мансабын «Астана» клубында жалғастыруы мүмкін. AmanVIBE дерегінше, 27 жастағы орталық қорғаушы елордалық клубпен жеке келісімшарттың негізгі шарттарын алдын ала пысықтап қойған. Тараптар келісімге келуге бір табан жақын.

Биылғы маусымда Қасым Қазақстан Премьер-лигасында 19 матч өткізіп, 1 гол соқты. Ол ұлттық құрамада да тұрақты түрде шақырту алып, жоғары деңгейде ойнау тәжірибесімен көзге түсіп жүр.

Еске салсақ, ҚПЛ-2025 маусымының қорытындысы бойынша «Ақтөбе» турнир кестесінде 5-орынға тұрақтаса, «Астана» маусымды 2-орынмен аяқтады. Осылайша, Әлібек Қасымның ықтимал ауысуы елордалық клубтың қорғаныс шебін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болуы мүмкін.

Реклама
Реклама