«Ерке балалар»: Хабиб Нурмагомедов «Реал» жұлдыздарын қатаң сынады

Редактор
14.01.2026, 11:33

Нурмагомедов Instagram парақшасында Алонсоны ашық қолдап, «Реалдың» жұлдызды ойыншыларын айыптады.

Фото: instagram.com/psg/

UFC аңызы Хабиб Нурмагомедов Мадридтің “Реал Мадрид” клубында бас бапкер Хаби Алонсо қызметтен кеткен жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бапкермен қоштасуға футболшылардың өзі себеп болған.

Нурмагомедов Instagram парақшасында Алонсоны ашық қолдап, «Реалдың» жұлдызды ойыншыларын айыптады. Ол қысқа әрі нұсқа пікір қалдырған:

«Кінә – ерке балаларда»

Клуб Испания Суперкубогы финалында “Барселона” командасынан жеңілгеннен кейін-ақ Алонсоммен келісімшартты тоқтатты. Бұл шешім Хабибтің наразылығын тудырған.

Бұрынғы ММА жұлдызы өз жазбасында адалдық мәселесіне ерекше тоқталды:

«Адалдықтан артық ештеңе жоқ. Бір жыл бұрын оны өздерің өтіндіңдер, ал қазір жұмыстан шығардыңдар. Ерке балалардың кесірінен. Хаби, сен ең үздіксің», – деп жазды Нурмагомедов.

Хабибтің пікірінше, Хаби Алонсо қазіргі футболдағы ең мықты үш бапкердің қатарына кіреді. Ол «Реалдың» сәтсіздігі үшін бапкерді емес, құрамдағы ойыншыларды өзгерту керек деп есептейді.

«Егер команда онымен жұмыс істей алмаса, бапкерді емес, футболшыларды ауыстыру қажет. Мұндай құраммен “Реалда” ешбір бапкер нәтиже жасай алмайды. Қыңыр ойыншылардан арылу керек», – деді ол.

Айта кетейік, Хабиб Нурмагомедов – «Реалдың» көптен бергі жанкүйері. Ол клуб матчтарында жиі көрінеді, тіпті кейде команданың киім ауыстыратын бөлмесіне де кіргені айтылған.

Хаби Алонсо не үшін қызметтен кетті?

Алонсоның нақты не себепті кеткенін клуб та, бапкердің өкілдері де ресми түрде мәлімдеген жоқ. Алайда БАҚ-та бірнеше ай бойы талапшыл бапкер мен команданың басты жұлдыздары арасында ішкі келіспеушілік болғаны жазылды.

Кей дереккөздер «Барселонамен» өткен матчтан кейінгі жағдайды «соңғы тамшы» деп сипаттайды. Медиа нұсқа бойынша, Алонсо ойыншылардан қарсыласқа чемпиондық дәліз жасауды талап еткен, алайда команда бұл талапты орындамаған. Мұны бапкер өз еңбегіне құрметсіздік деп қабылдаған делінеді.
Бұл – ресми расталмаған ақпарат.

Алонсо «Реалда» не істеп үлгерді?

Еске салайық, Хаби Алонсо «Реалға» 2025 жылдың жазында келді. Оның жетекшілігімен команда:

  • клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысты;

  • Испания чемпионаты маусымының жартысын өткізді;

  • Чемпиондар лигасының плей-оффына шығуға жақын болды.

Сонымен қатар Алонсо «Барселонаның» өзара ойындардағы жеңісті сериясын тоқтатты, бірақ Суперкубок финалында жеңіліп қалды.

«Реалдың» келесі бапкері кім болуы мүмкін?

Қазіргі уақытта бас бапкер міндетін уақытша Альваро Арбелоа атқарып отыр. Алайда оның бұл қызметте ұзақ қалмауы мүмкін деген болжам бар.

БАҚ-та аталатын негізгі үміткерлер:

  • Юрген Клопп

  • Зинедин Зидан

  • Антонио Конте

  • Энцо Мареска

Дегенмен Клопптың өзі әзірге бапкерлік қызметке оралуға ниетті емес екенін мәлімдеген.

Реклама
Реклама