Стадион қазанда ашылған.
Қызылорда қаласында ашылғанына бірнеше ай болған «Қайсар Арена» футбол стадионы әлі күнге дейін УЕФА-ның халықаралық лицензиясын алған жоқ. Бұл дегеніміз – арена ресми түрде халықаралық матчтарды қабылдай алмайды деген сөз. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің өкілдері Tengri Sport-қа берген сұхбатында айтқан.
«Қайсар Арена» 2025 жылдың 4 қазанында салтанатты түрде ашылып, сол күні Қазақстан кубогының финалдық матчын қабылдады. Шешуші кездесуде шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» шеберлік байқасты. 11 мың көрерменге арналған жаңа нысан аймақ үшін маңызды спорттық инфрақұрылым ретінде таныстырылған болатын.
Алайда ресми деректерге сүйенсек, стадионның УЕФА тарапынан берілетін халықаралық санаты әлі бекітілмеген. Туризм және спорт министрлігінің жауабында бұл мәселені шешу үшін УЕФА инспекциясы 2026 жылдың сәуір айына жоспарланғаны айтылды. Инспекция қорытындысы бойынша стадионға кемінде III санат беру көзделіп отыр.
«Қызылорда қаласындағы «Қайсар Арена» стадионы әзірге УЕФА-ның халықаралық категориясына ие болған жоқ. УЕФА тарапынан инспекциялық тексеру 2026 жылдың сәуір айында өтеді. Тексеру нәтижесінде стадионға III санаттан төмен емес категория беру жоспарланып отыр», – делінген министрліктің ресми жауабында.
Ресми мәлімет бойынша, стадион құрылысына 20,9 миллиард теңге жұмсалған. Ал Қызылорда облысы әкімдігі бұған дейінгі жауабында шығын көлемін 26,5 миллиард теңге деп көрсеткен. Бұл айырмашылықтың өзі жобаның ашықтығы мен есептелуіне қатысты сұрақтар туындатады.
Соған қарамастан қомақты қаржыға салынған нысан әлі күнге дейін халықаралық талаптарға толық сай деп танылған жоқ.
Мәселе тек стадионда емес
Министрлік мәліметінше, УЕФА категориясын алу тек аренаның техникалық жағдайына ғана емес, сонымен қатар қаланы түгел қамтитын инфрақұрылымға да тікелей байланысты.
Атап айтқанда, УЕФА талаптары бойынша қалада:
халықаралық рейстері бар әуежай;
кемінде бірнеше бес жұлдызды қонақүй (командалар, төрешілер, ресми тұлғалар мен жанкүйерлерді орналастыру үшін);
оқу-жаттығу базалары мен жаттығу алаңдары болуы шарт.
Осы талаптардың барлығы толық орындалмайынша, стадионға халықаралық деңгейде матч өткізуге рұқсат берілмейді.
Тәуелсіздік жылдарындағы үшінші стадион
Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері небәрі үш жаңа футбол стадионы салынды:
«Астана Арена» – 30 мың орын;
«Түркістан Арена» – 7 мың орын;
«Қайсар Арена» – 11 мың орын.
Барлық үш нысан да жасанды жабынмен жабдықталған. Бұл – еліміздегі футбол инфрақұрылымының әлі де жүйелі дамуды қажет ететінін көрсететін маңызды фактор.
«Қайсар Арена» – Қызылорда үшін үлкен жоба. Бірақ стадион салынған соң, оны халықаралық деңгейге шығару үшін құжат, инфрақұрылым және стратегиялық жоспар қатар жүруі тиіс. Әйтпесе миллиардтаған қаржыға салынған нысан аймақтық деңгейден аса алмай қалу қаупі бар.