Ол ұлттық құрама сапында да өнер көрсеткен.
Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Александр Меркель мансабында алғаш рет Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетпек. Бұл туралы AmanVIBE.kz мәлімдеді.
Жартылай қорғаушы елордалық «Жеңіс» футбол клубының оқу-жаттығу жиындарына қосылып, ұжыммен алғашқы жаттығуын өткізіп те үлгерді.
Александр Меркель қазақстандық жанкүйерлерге ұлттық құрамадағы өнері арқылы жақсы таныс. Ол алғаш рет 2015 жылы Қазақстан құрамасына шақырту алып, Исландияға қарсы жолдастық кездесуде алаңға шыққан. Төрт жылдан кейін жартылай қорғаушы қайтадан ұлттық команданың қатарына қосылып, Шотландия және Ресей құрамаларына қарсы матчтарға қатысты. Алайда құжат мәселелеріне байланысты Меркельдің құрамадағы мансабы жалғасын таппады.
Клубтық деңгейде Александр Меркель әр жылдары Италияның «Милан», «Дженоа» және «Удинезе» клубтарында, Англияның «Уотфордында», Швейцарияның «Грассхопперс» командасында, сондай-ақ Германия, Сауд Арабиясы, Түркия, Нидерланд және Австрия чемпионаттарында доп тепті. Жартылай қорғаушының соңғы клубы Дубайдың «Легентус» командасы болды.