Александр Меркель қайтадан Қазақстан құрамасында ойнауы мүмкін

Редактор
31.01.2026, 15:16

Бұл – жас қазақстандық ойыншылардың дамуы үшін аса қажет фактор.

"Жеңіс" клубының баспасөз қызметі

Астананың «Жеңіс» клубының бас бапкері Әли Әлиев Vesti.kz сайтына берген сұхбатында Александр Меркельдің трансфері неге бүкіл ел чемпионаты үшін маңызды екенін және тәжірибелі жартылай қорғаушының ұлттық құрамаға қайта оралу мүмкіндігін бағалады.

Әлиевтің айтуынша, Меркель командаға еуропалық футбол мәдениетін ала келді. Бұл – жас қазақстандық ойыншылардың дамуы үшін аса қажет фактор.

«Меркель – батыс футбол мектебінен өткен ойыншы. Германияда ол тәртіпке, жаттықтырушының талабын толық орындауға үйренді. Мұндай кәсіби футболшылармен жұмыс істеу өте оңай: тактикалық тапсырмаларды тез меңгереді. Қуат, Быстров және Лобжанидземен бірге ол «Жеңісте» жастардың әлдеқайда жылдам өсуіне мүмкіндік беретін орта қалыптастырды», – деді бас бапкер.

Ерекше назар аударарлық жайт – қазақстандық футболдағы екі маңызды ойыншының бір клубта қайта қауышуы. Әли Әлиевтің сөзінше, Александр Меркель мен Исламбек Қуаттың өзара байланысы оқу-жаттығу жиындарында-ақ жоғары деңгейде көрініс беріп отыр. Олар бірін-бірі толықтырып, алаң ортасында қуатты тандем құруда.

Айта кетейік, Александр Меркель 2019 жылдың наурыз айынан бері құрамаға шақырылмаған. Бұған құжаттарға қатысты заңдық мәселелер себеп болған. Дегенмен Али Алиев ойыншының спорттық деңгейі әлі де ұлттық құраманың талабына сай екенін атап өтті.

Бапкер Меркельдің шеберлігі негізгі құрамдағы орын үшін бәсекеге түсуге толық жеткілікті деп есептейді. Сонымен қатар, ол «Жеңіс» сапындағы Андрей Ульшин мен Николай Горобченконы да ұлттық құрамаға үміткер ойыншылар ретінде атады.

Меркельдің «Жеңіске» оралуы ұлттық құрама бапкері Талғат Байсуфинов үшін жартылай қорғаушының ойын бабын тұрақты бақылауға жақсы мүмкіндік береді. Егер төлқұжатқа қатысты мәселе толық шешілсе, Меркель мен Қуаттың клубтағы байланысы Ұлттар лигасындағы матчтарда «халық командасы» сапында жалғасуы әбден мүмкін.

Реклама
Реклама

Материалда: