Іс-шара 2027 жылғы 4 наурызда өтеді.
Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) 51-конгресін Қазақстан астанасында өткізетінін ресми түрде жариялады. Іс-шара 2027 жылғы 4 наурызда өтеді.
Бұл шешім Брюссельде өткен 50-конгресс барысында мәлім болды. Бельгия астанасындағы жиынға Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория да қатысты.
УЕФА конгресі – еуропалық футболдағы ең жоғары басқарушы орган. Жыл сайын өтетін бұл жиынға ұйымға мүше 55 ұлттық қауымдастық өкілдері жиналады. Конгресс аясында еуропалық футболдың стратегиялық даму бағыты айқындалып, қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер қаралады, халықаралық жарыстарды өткізуге қатысты шешімдер қабылданады, сондай-ақ УЕФА-ның басқарушы құрылымдары сайланады.
Айта кету керек, Қазақстанда өтетін 51-конгресс сайлау конгресі болмақ. Жиын барысында УЕФА президенті мен Атқарушы комитет мүшелері сайланады. Демек еуропалық футболдың алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдер біздің елде қабылданады деген сөз.
Конгресті өткізу құқығы УЕФА-ға мүше елдерге сенім мен олардың футболды дамытуға қосқан үлесінің белгісі ретінде беріледі. 51-конгресс Қазақстанда бұрын-соңды ұйымдастырылған ең ауқымды халықаралық футбол іс-шараларының бірі болмақ. Бұл оқиға Қазақстанның еуропалық футбол қауымдастығындағы беделін нығайтып, спорт саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейтуге жол ашады.
Айта кетейік, Конгресті ұйымдастыру және өткізуге байланысты барлық шығынды УЕФА өзі өтейді.