Алайда, тараптар ортақ келісімге келе алмапты
Футболдан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Магомед Адиевке дейін бұл қызметке өзге жаттықтырушылар шақыртылған. Олардың қатарында италиялық даңқты футболшы Дженнаро Гаттузо да бар. Бұл туралы ҚФФ президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен «Бірінші бол» YouTube-каналында айтты.
Қазақстан футбол федерациясы Магомед Адиевті бас бапкер етіп алмай тұрып, бұл қызметке басқа да мамандарды қарастырған. "Бірінші бол" қонағы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, бұл орынға үміткер ретінде ең алдымен Дженнаро Гаттузо қарастырылыпты.
«Магомед Адиевтің алдында Қазақстан футбол федерациясы бапкер іздеді, сол кезде Дженнаро Гаттузомен сөйлескен. Ол Астанаға келді. Сосын біздің ұлттық құрамалар департаментінің басшылығы Дженнаро Гаттузоның Миландағы үйіне де барған. Бірақ сәл кішкене бір кінәраттар болған оның тарапынан. Өйткені ол 7-8 адаммен келгісі келген. Әдетте үш адаммен келеді», - деді ол.