«Мықтылардан именбей ойнайтын ұжымды көргім келеді». Өзбекстанды әлем чемпионатына шығарған Кападзе ашық айтты

Редактор
17.02.2026, 11:29

Өзбекстан құрамасының мундиальға жай қатысушы ретінде емес, батыл әрі ұйымшыл команда ретінде баруы керек екенін атап өтті

Фото: t.me/FAUzbekistan

Өзбекстан құрамасын тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатына шығарған бас бапкер Тимур Кападзе 1bol.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында ұлттық құраманың мундиальдағы басты мақсаты мен қандай футбол көрсетуі керектігі жайлы пікір білдірді.

Маманның айтуынша, әлем чемпионатына шығу – тек бір құраманың немесе бір бапкердің еңбегі емес, бұл көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі.

– Мен үшін бұл – бір ғана циклдің немесе бір құраманың емес, тұтас жүйенің көпжылдық еңбегінің нәтижесі және баға жетпес тәжірибе жинауға зор мүмкіндік, – деді Кападзе.

Сонымен қатар ол Өзбекстан құрамасының мундиальға жай қатысушы ретінде емес, батыл әрі ұйымшыл команда ретінде баруы керек екенін атап өтті.

– Ең бастысы, команда әлем чемпионатына жай қатысушы ретінде емес, өзінің болмысын сақтай отырып барса екен деймін. Батыл, ұйымшыл, тәртіпті әрі мықтылардан именбей ойнайтын ұжымды көргім келеді. Мундиальға «біз онсыз да қолдан келгеннің бәрін жасадық» деген оймен ғана баруға болмайды, – деді ол.

Кападзенің пікірінше, кез келген команда әлем чемпионатына тек тәжірибе жинау үшін емес, өзінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеу үшін қатысуы қажет.

– Кез келген ұжым өзінің бәсекеге қабілетті екенін және әрі қарай да дамуға дайын екенін көрсету үшін қатысуы қажет деп ойлаймын, – деп қорытындылады бапкер.

Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы биыл футбол тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алып, ел спортында үлкен жетістікке қол жеткізді.

Реклама
Реклама