Бұл тізімге сіз кімдерді қосушы едіңіз?
Биыл қыста қазақстандық бірқатар клуб әлемдік жұлдыздармен қатарын толықтырды. Осы орайда «Тотальный футбол KZ» telegram-арнасы ҚПЛ-ның жаңа маусымы алдында ең елеулі трансферлерге тоқталған.
1. Луиш Нани – «Ақтөбе»
Луиш Нани – Қазақстан Премьер-лигасы тарихындағы ең танымал легионер деуге әбден лайық ойыншы. «Ақтөбенің» 39 жастағы вингері әлемнің үздік чемпионаттарында доп теуіп, Португалия ұлттық құрамасы сапында өткізген матчтар саны бойынша үздік бестікке енеді. Оның ҚПЛ-ға келуі лиганың имиджін жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
2. Александр Меркель – «Жеңіс»
Карьерасының соңына таман Александр Меркель тарихи отаны – Қазақстанда өнер көрсетуді жөн көрді. «Милан», «Удинезе» секілді клубтарда ойнаған тәжірибелі жартылай қорғаушының «Жеңіске» ауысуы 2026 жылғы маусымға ерекше қызығушылық қосып отыр.
3. Виктор Мозес – «Қайсар»
Виктор Мозес – ҚПЛ-дағы ең даулы әрі ең көп талқыланған трансферлердің бірі. Нигерия құрамасында және Еуропаның алпауыт клубтарында ойнаған ойыншының «Қайсарға» келуі жай ғана пиар-қадам емес. Ол әлі де бабында және жаңа маусымда жоғары деңгейдегі футбол көрсетуге қауқарлы.
4. Иван Ордец – «Ақтөбе»
Иван Ордец «Ақтөбеге» қосымша күш береді. Донецкінің «Шахтері», Мәскеудің «Динамосы», Германиядағы «Бохум» секілді клубтарда жинаған тәжірибесі қорғаныстағы сенімділікті арттыра түспек.
5. Яакко Оксанен – «Қайрат»
Яакко Оксанен – «Қайраттың» орталық алаңдағы ойынын жаңа деңгейге шығара алатын футболшы. «Брентфордтағы» кезеңі мен КуПС сапындағы үш тұрақты маусымы оның деңгейін айқындай түседі.
Айта кетерлігі, 2026/27 жылғы Чемпиондар лигасының іріктеуінде ол дәл осы «Қайрат» қақпасына гол соққан.
6. Димитар Митков – «Ордабасы»
Шымкенттік клуб 26 жастағы болгар шабуылшысы Димитар Митков арқылы шабуыл шебін күшейтті. Болгария, Ресей және Тәжікстан чемпионаттарындағы тәжірибесі бар ойыншы оқу-жаттығу жиындарында-ақ гол соғып көзге түсіп үлгерді.
7. Айдин Желькович – «Ақтөбе»
Еуропалық футбол мектебінен өткен Айдин Желькович алыстан соққы жасау шеберлігімен ерекшеленеді. Оның жойқын соққылары «Ақтөбеге» маңызды ұпайлар әкелуі әбден мүмкін.
8. Амин Талал – «Тобыл»
Амин Талал – маусымдағы ең қызықты трансферлердің бірі. Франциядағы «Бастия», «Орлеан», Молдованың «Шерифі» мен «Ахматтағы» тәжірибесі оның техникалық әрі креативті футболшы екенін дәлелдейді. Жарақат мәселесі болмаса, ҚПЛ-да да көзге түсері анық.
9. Самсон Иеде – «Жеңіс»
28 жастағы нигериялық шабуылшы Самсон Иеде Бельгия, Дания, Сербия және Украина чемпионаттарында ойнаған. Трансферлік құны шамамен 300 мың еуроны құраған ойыншыға сұраныстың тұрақты болуы – оның әлеуетінің айғағы.
10. Томас Джонс – «Қайсар»
Тізімді «Қайсар» сапындағы алғашқы чилилік футболшы Томас Джонс түйіндейді. Ол тек Чили чемпионатында өнер көрсеткенімен, өткен маусымда «Копиапо» сапында 30 матчта 13 гол соққан. Жылдамдығы мен креативтілігі оны ҚПЛ-да да нәтижелі ойыншыға айналдыруы мүмкін.