ҚПЛ-дың үздік сұрмергені де Ресей чемпионатына ауысты

Редактор
Бүгін, 09:35

Сондай-ақ, қазандық клубқа ауысуына албаниялық шабуылшы Мирлинд Даку ықпал еткені айтылуда

ФК "Астана"

Албаниялық жартылай қорғаушы Назми Грипши мансабын Ресейдің Қазан қаласының «Рубин» клубының жалғастырады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеді.

«Назми – «Рубинде»! Командамыздың құрамын 28 жастағы жартылай қорғаушы Назми Грипши толықтырды. Футболшы клубпен 2029 жылдың жазына дейін келісімшартқа қол қойды және 11-нөмірмен өнер көрсетеді», –  делінген қазандық клубтың әлеуметтік желідегі хабарламасында.

Грипши бұған дейін албаниялық «Теута» мен «Скендербеу», Косовоның «Балкани» клубтарында, сондай-ақ елордалық «Астанада» ойнаған.

Назми Грипши «Астана» сапына 2024 жылдың жазында «Балканиден» ауысып келген болатын. Қазақстан Премьер-лигасында ол 38 матч өткізіп, 22 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген.

Былтырғы маусымда ҚПЛ-де 16 гол және 7 ассист авторы атанып, чемпионаттың үздік сұрмергені болды. Ал 2025 жылғы маусымда 36 матчта 18 гол және 9 нәтижелі пас (оның ішінде Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде 6 ойында 2+2) тіркеп, тағы да жоғары нәтижелілік көрсетті.

Ресейлік журналист Иван Карповтың мәліметінше, трансфер құны 35 миллион рубльді құраған. Футболшы айына 4 миллион рубль жалақы алады. Грипши медициналық тексерістен сәтті өтіп, 2029 жылдың жазына дейін келісімшартқа отырған.

Сондай-ақ, қазандық клубқа ауысуына албаниялық шабуылшы Мирлинд Даку ықпал еткені айтылуда.

Осылайша, Қазақстан чемпионатының үздік бомбардирі енді Ресей Премьер-лигасында бақ сынайды.

Реклама
Реклама