«Клубтан кеткенімді әлеуметтік желіден білдім»: «Ақтөбенің» бұрынғы ойыншысы келеңсіз жайтты есіне алды

Редактор
Бүгін, 16:05

Ол клуб сапына оралмақ та болған. 

«Ақтөбе» ФК

Аргентиналық жартылай қорғаушы, бүгінде ақтаулық «Каспийдің» намысын қорғап жүрген Леонель Струмия «Ақтөбеден» не себепті кеткенін түсіндірді.

Футболшының сөзінше, ол «Ақтөбеден» кету туралы ойламаған.

«Ақтөбе» жанкүйерлерінің неге ренжігенін түсінемін. Бірақ мен оларға ешқашан құрметсіздік танытқан емеспін. Оларға деген сезімім өзгерген жоқ. Клубтағы жылдарым мансабымдағы ең бақытты кезең деп айта аламын. Дегенмен көпшілік біле бермейтін жайттар бар.

Мысалы, өзімнің «Ақтөбе» ойыншысы емес екенімді әлеуметтік желідегі жазбадан бір-ақ білдім. Оның үстіне, соның алдында ғана біз ел Кубогын жеңіп алған едік. Футболда мұндай жағдайлар болып тұрады, бірақ бұл жайт маған ауыр тиді», – деді Струмия ASnews.kz сайтына берген сұхбатында.

Аргентиналық ұжым сапына оралуға ниетті болғанын да жасырмады.

«Содан кейін де клубқа оралғым келген. Бірақ «Ақтөбеден» сол күйі қоңырау түскен жоқ. Сол кездегі бас бапкер маған сенім артпады.

Ал қазір өзге команданың жейдесін кию – мен үшін үлкен мәртебе. Жаңа клубым үшін бар күшімді саламын. Дегенмен «қызыл-ақтарға» деген ерекше сүйіспеншілігім ешқайда кеткен жоқ», – деп түйіндеді 33 жастағы футболшы.

Айта кетейік, өткен маусымда Струмия Черногорияның «Будучность» клубында өнер көрсетті. Сондай-ақ Кипрдің АЕЛ командасында ойнап, 11 матчта бір гол соққан. Ал «Ақтөбе» сапында 2023-2024 жылдар аралығында доп тепті.

Реклама
Реклама