Ермұхамед Мәулен былтырғы жылы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы баспасөз хатшылығымен қоштасқан болатын.
Қазақстан футбол федерациясының тағы бір қызметкері жұмыстан кетті. Ол баспасөз қызметкері болған Сейіл Қожатай.
«22.02.2021 – ҚФФ сапына келген күн. 22.02.2026 – осы шаңырақпен қош айтысатын күн. Көзді ашып-жұмғанша 5 жыл өтіп кетіпті. Әр күні эмоцияға, жауапкершілікке толы кезең болды. Осы аралықта бірге талай белесті өткердік: Франциядан 0:8 есебімен жеңілген ауыр кеш те есімде. Еуроға бір қадам жетпей қалған сәт те жүректе. Футзалдан әлем чемпионатында Португалияны тізе бүктірген қуаныш бар. Италияға қарсы матчтағы ащы тоқтам да бар.Мақтаныштан кеуде керілген күндер болды. Сөз табу қиынға соққан түндер де өтті. Бірақ дәл сондай сәттерде сен ҚФФ-ның жай ғана жұмыс орны емес екенін сезесің. Бұл – елдің үміті, мыңдаған жанкүйердің сенімі, үлкен жауапкершілік екен.Осы жолда бірге болған әр жанға алғысым шексіз. Қиын сәтте жанымнан табылған жандарға ерекше алғыс.Алдымда жаңа кезең. Бірақ футбол – менің өмірімнің бір бөлігі. Ол өзгермейді. Қазақ елімнің футболына қызмет етуден шаршамаймын!» - деп жазды ол.
Дереккөздердің хабарлауынша, Сейіл Қожатай енді «Ордабасы» клубының баспасөз қызметін басқаруы мүмкін. Бұған дейін белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен де «Ордабасы» клубы директорының кеңесшісі болып тағайындалған.
Ермұхамед Мәулен былтырғы жылы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы баспасөз хатшылығымен қоштасқан болатын.