Президент команда ойыншыларының сырт келбетіне де әзілмен тоқталып, олардың барлығы «өте жарасымды» екенін айтты
Лионель Месси бастаған «Интер Майами» клубының ойыншылары White House резиденциясына шақырылып, АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Команда 2025 жылғы Major League Soccer чемпиондық титулын жеңіп алғаны үшін арнайы құрметке ие болды.
Ақ үйде өткен салтанатты қабылдау кезінде АҚШ президенті сөз сөйлеп, алдымен АҚШ-тың халықаралық саясаттағы әрекеттеріне тоқталды. Трамп өз сөзінде Иранмен байланысты әскери операциялар жөнінде айтып, АҚШ пен Израильдің бірлескен іс-қимылдарын атап өтті. Бұл кездесу видеосын Ақ үй өзінің ресми YouTube арнасында жариялады.
Президенттің айтуынша, АҚШ қарулы күштері Израильмен бірге қарсы тараптың зымырандарын жойып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен әскери операция бастаған болатын. Кейін Иран АҚШ әскери базалары мен Израильдегі және Таяу Шығыстағы бірқатар нысандарға соққы берген.
Кездесу барысында Трамп футбол тақырыбына да тоқталды. Ол Лионель Мессиді бразилиялық аңыз ойыншы Пеледен де мықты деп есептейтінін айтты. Сондай-ақ, «Интер Майами» шабуылшысы Луис Суарес туралы айтып, бірнеше рет оны «Луи» деп атады.
Президент команда ойыншыларының сырт келбетіне де әзілмен тоқталып, олардың барлығы «өте жарасымды» екенін айтты. Сонымен қатар Трамп клубтың жеңісті плей-офф кезеңіндегі матчтарына қысқаша тоқталып өтті.
Бұл шара Месси үшін ерекше болды. Аргентиналық жұлдыз алғаш рет АҚШ президентінің ресми резиденциясына барды. Бұған дейін, 2025 жылдың қаңтарында оған президенттің Бостандық медалін тапсыру рәсіміне шақырту жасалған, алайда футболшы сол кезде қатыса алмаған еді.
Өткен маусымда Лионель Месси «Интер Майами» құрамында MLS Кубогын жеңіп алып, Шығыс конференциясының чемпионы атанды.