Жарнама
Жарнама

Елдос Сметов «Тараз» сапында алаңға шықты

Редактор
07.03.2026, 22:35

Сметов осы өңірдің тумасы.

Елдос Сметовтің жеке парақшасынан

Қазақстандық дзюдошы, Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов медиа-футбол форматындағы жұлдыздар матчына қатысты.

Танымал спортшы бұл ойыннан түсірілген бейнежазбаны өзінің Instagram парақшасында жариялады. Сметов кездесуде туған қаласының командасы - «Тараз» клубының намысын қорғады. Жамбылдық ұжым Қазақстан медиа-футбол федерациясының құрамасымен кездесу өткізген.

Матчтың қорытынды есебі жарияланған жоқ. Дегенмен бейнекадрлардан Елдос Сметовтің ойын барысында өте белсенді болғанын байқауға болады. Ол тіпті бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырған.

Айта кетейік, Елдос Сметов - Орталық Азия тарихында дзюдодан Олимпиада алтынын жеңіп алған жалғыз спортшы. Оның қоржынында бұдан бөлек Олимпиаданың күміс және қола медальдары да бар.

Париждегі Олимпиададан кейін Сметов әзірге ресми жарыстарға қатысқан жоқ. Алдын ала болжам бойынша, ол биыл көктемде Астанада өтетін Grand Slam турнирінде татамиге қайта оралуы мүмкін.

Реклама
Реклама