Үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Экология министрлігі KZ Recycling кәсіпорнында экологиялық талаптардың бұзылғанын анықтады. Бұл туралы Nege.Aqsha Telegram-арнасы хабарлады.
Тексеру жұмыстары «Асыл Арман», «Алма Сити» тұрғын үй кешендері мен Абай ауылы тұрғындарының шағымынан кейін жүргізілген. Сонымен қатар, Қарасай аудандық мәслихаты депутатының өтініші де негіз болған. Бұл ақпаратты Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі растады.
Министрліктің ресми сауалға берген жауабында кәсіпорын аумағындағы жағымсыз иістің негізгі көзі сүзгілеу алқаптары екені айтылған. Аталған алқаптарға кәсіпорынның шаруашылық қызметі барысында пайда болатын ағынды сулар жіберіліп отырған.
«Тексеру барысында жағымсыз иістің негізгі көзі кәсіпорын қызметінен пайда болған ағынды суларды қабылдайтын сүзгілеу алаңдары екені анықталды. Ағынды су сынамаларына жүргізілген зертханалық талдау нәтижесінде рұқсат етілген төгінді нормаларының асып кеткені белгілі болды», – делінген редакцияның ресми сауалына берілген жауапта.
Ведомство мәліметінше, 2024 жылдан бері кәсіпорын экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы салынған айыппұл көлемі 49,9 млн теңгені құраған.
Дереккөз ақпаратына сүйенсек, KZ Recycling компаниясы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың анасы Шолпан Омароваға тиесілі.