Футболшы Мадридке жеке дәрігеріне қаралу үшін барған
Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду жарақатынан кейінгі емін аяқтап, Испаниядан Сауд Арабиясы еліне қайта оралды. Бұл туралы «Аль-Наср» клубы мәлімдеді.
Бұған дейін «Аль-Наср» тарапы Роналдудың 28 ақпан күні «Аль-Фейхаға» қарсы өткен матчта сан бұлшықетінің артқы бөлігінен жарақат алғанын мәлімдеген болатын.
«Қайта оралғаныма қуаныштымын», - деп жазды футболшы Instagram-дағы ресми парақшасында.
Клубтың бас бапкері Жорже Жезуш футболшының Мадридке жеке дәрігеріне қаралу үшін барғанын айтқан еді. Қазіргі маусымда 41 жастағы Роналду 26 матчта 22 гол соғып үлгерді.
«Аль-Наср» Сауд Арабиясы чемпионатында 26 турдан кейін көш бастап келеді. Олар «Аль-Хиляль» клубынан үш ұпай алда тұр. Клуб келесі ойынын 3 сәуір күні «Аль-Наджмаға» қарсы өткізеді.