Азмун әлеуметтік желіде Мохаммед ибн Рашид әл-Мактуммен бірге түскен суретін жариялаған.
Иран құрамасының шабуылшысы Сердар Азмун өз елінде қатаң санкцияларға ұшырауы мүмкін. Бұл туралы ирандық БАҚ, соның ішінде Fars агенттігі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Голестан провинциясының прокуратурасы шетелде жүрген 16 адамға қатысты іс қозғаған. Олардың қатарында Азмун да бар. Тергеу органдары футболшыны «сионистік режим мен АҚШ үкіметімен байланысы бар» деп күдіктенуде.
Билік өкілдері мұндай әрекеттер ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп есептеп, күдіктілердің елдегі барлық мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеу мүмкін екенін мәлімдеді.
БАҚ мәліметінше, Азмунға тиесілі активтердің қатарында құны шамамен 10 миллион доллар болатын ат спорты кешені, бірнеше асыл тұқымды жылқылар, тұрғын үйлер және әйелдер волейбол клубы бар.
Айта кетейік, бұған дейін Азмун әлеуметтік желіде Мохаммед ибн Рашид әл-Мактуммен бірге түскен суретін жариялаған. Бұл әрекет Иранда «елге деген адалдықтың жоқтығы» ретінде бағаланып, футболшы ұлттық құрамадан уақытша шеттетілген еді.
31 жастағы шабуылшы қазіргі уақытта БАӘ-нің «Шабаб Әл-Ахли» клубында өнер көрсетеді. Ол бұған дейін Ресейдің «Рубин», «Ростов» және «Зенит» клубтарында ойнап, бірнеше мәрте чемпион атанған.