Жарнама
Жарнама

ФИФА әлем чемпионатының билет бағасын қымбаттатты

Редактор
Бүгін, 15:33

NPR мәліметінше, билеттер бағасы турнирдегі 104 матчтың 40-ына қымбаттаған.

Getty Images

ФИФА әлем чемпионатының финалдық билеттер құнын 11 мың долларға дейін көтерді. NPR мәліметінше, билеттер бағасы турнирдегі 104 матчтың 40-ына қымбаттаған.

1 сәуірде басталған соңғы сату кезеңінде финалға арналған ең қымбат билет бағасы 10 990 долларға дейін жеткен. Жыл басында бұл билет құны $8680 болса, одан бұрын $6370 доллар шамасында еді. Бұл «1-санаттағы» билеттердің бағасы 19 шілдеде Нью-Джерсидегі MetLife Stadium стадионында өтетін ойынға арналған.

Бағаның өсуі әсіресе жанкүйерлері көп командалардың матчтарына әсер еткен. Мәселен, Бразилия, Аргентина, Англия, Германия және турнир қожайыны Мексика құрамаларының ойындарына сұраныс жоғары.

Әлем чемпионатының бірінші матчында Мексика мен Сауд Арабиясы құрамалары кездесетін ойын билетінің бағасы $2985-қа дейін көтерілген (бұған дейін $2355 және $1825 болған). Плей-офф кезеңіндегі көптеген ойындардың да бағасы өсті. Оның ішінде Далласта өтетін жартылай финалға билет бағасы $3710-ға дейін жетіп отыр (бұрын $3295 болған).

ФИФА стадиондардағы сатылмаған орындар саны туралы нақты мәлімет бермегенімен, билеттерді кезең-кезеңімен қайта сатылымға шығаратынын мәлімдеді.

Бағаның өсуі жанкүйерлер ұйымдарының сынына қарамастан жүзеге асып отыр. Еуропалық жанкүйерлердің мүддесін қорғайтын Football Supporters Europe ұйымы бағаны тым жоғары деп бағалағандықтан, Еуропалық комиссияға ресми шағым түсіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар, АҚШ-тағы демократ заң шығарушылар да ФИФА-ға хат жолдап, ұйымды «әлем чемпионатын ең танымал спорттық оқиғаға айналдырған жанкүйерлер есебінен бағаны негізсіз көтерді» деп айыптады.

Айта кететін жайт, 2026 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді.

Реклама
Реклама