Жарнама
Жарнама

«Ақтөбе» футбол клубындағы дау: Матч кезінде жарақат алған әйел сотқа бермек

Редактор
19.05.2026, 13:27

Ақтөбеде футбол матчында жарақат алған әйел сотқа жүгінбек

әлеуметтік желі

Ақтөбеде футбол матчында жарақат алған әйел сотқа жүгінбек. Ол стадиондағы қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын айтып, материалдық әрі моральдық шығынды өндіріп алуды көздеп отыр.

Оқиға «Ақтөбе» мен «Алтай» командалары арасындағы матч кезінде болған. Ақтөбе қаласының тұрғыны Аянай Елтоқова стадионға отбасымен бірге барғанын айтады. Оның сөзінше, ойын барысында жоғары жылдамдықпен ұшып шыққан ауыр доп трибунаға жетіп, бетіне тиген.

«Қан кетті, басымды төмен түсірдім. Кейін не болып жатқанын мүлде түсінбедім. Ауруханаға барған соң дәрігерлер шұғыл түрде ауруханаға жату қажет екенін айтты. Нәтижесінде маған жабық бас-ми жарақаты және ауыр деңгейдегі ми шайқалуы диагнозы қойылды», – дейді зардап шеккен тұрғын.

Аянай Елтоқованың айтуынша, оқиғадан кейін бас ауруы, ұйқысыздық және жалпы әлсіздік әлі күнге дейін мазалап келеді. Сонымен қатар, ол футбол клубының жағдайға байланысты әрекетіне көңілі толмағанын жасырмады.

Қазіргі таңда Аянай Елтоқова сотқа талап-арыз дайындап жатыр. Ол материалдық және моральдық шығынды өндіріп алумен қатар, футбол матчтарындағы көрермендердің қауіпсіздігіне қатысты талаптарды қайта қарау қажет деп санайды.

«Менің орнымда егде жастағы адам немесе кішкентай бала отыруы мүмкін еді. Ондай жағдайда салдары әлдеқайда ауыр болуы ықтимал еді», – дейді ол.

Өз кезегінде «Ақтөбе» футбол клубының медиа-офицері Асет Жомарт мұндай жағдай клуб тарихында алғаш рет болғанын айтты.

«Біз ресми түрде кешірім сұрадық. Ертең кездесіп, өзіне және жолдасына бір жылдық абонемент пен клубтың фирмалық жейделерін табыстауға келістік. Қорғаныс торлары бүкіл алаң бойына орнатылмайды. Халықаралық стандарттарға сәйкес олар тек қақпа артында қойылады», – деді клуб өкілі.

Реклама
Реклама