Александр Шмурнов Сәтбаевтың болашағына қатысты пікір білдірді
Белгілі ресейлік комментатор Александр Шмурнов «Шмурнов Тайм» YouTube-арнасында «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сәтбаев туралы жоғары баға беріп, оның басты артықшылықтары тек талантында емес, мінезі мен психологиялық дайындығында екенін айтты.
Шмурновтың пікірінше, Сәтбаевқа деген көзқарас оның болашақта лондондық «Челсиге» ауысатыны белгілі болғаннан кейін емес, халықаралық аренадағы ойындарынан соң өзгерген.
«Сәтбаев туралы пікір “Челси” трансферінен кейін емес, Чемпиондар лигасындағы матчтардан соң қалыптасты. Сол ойындарда оның жай ғана дарынды жас емес, команданың нәтижесіне әсер ете алатын футболшы екені байқалды. Ең бастысы, ол жоғары деңгейдегі қарсыластардан именбейді және қысымға төтеп бере алады», – деді комментатор.
Шмурнов «Қайраттың» еурокубоктардағы кездесулерін мысалға келтіріп, Дастанның команда үшін қаншалықты маңызды ойыншыға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, футболшыға қазірдің өзінде болашақ жұлдыз ретінде емес, матч тағдырын өзгерте алатын ойыншы ретінде қарай бастады.
Сарапшы Сәтбаевтың мінезіне ерекше тоқталып, Алматыда мадридтік «Реалға» қарсы өткен матчтағы эпизодты еске алды. Кездесудің алғашқы минуттарында қазақстандық шабуылшы айып алаңында допқа бірінші жетіп, Тибо Куртуа қорғаған қақпаға баспен қауіпті соққы жасаған.
«Бұл сәт голмен аяқталмады. Бірақ оның бойындағы сенімділікті көрсетті. Мұндай эпизодтар футболшының үлкен сахнадан қорықпайтынын және өз күшіне сенетінін аңғартады», – деді Шмурнов.
Сондай-ақ ресейлік комментатор «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтиннің пікіріне сүйене отырып, Сәтбаевтың кәсібилігін ерекше атап өтті.
Оның сөзінше, 17 жастағы футболшының бойында жас ойыншыларға тән асығыстық жоқ. Керісінше, ол кәсібіне аса жауапкершілікпен қарайтын, тәртіпті әрі сабырлы спортшы ретінде қалыптасып келеді.
«Дастанның бойынан кенет келген атаққа масайрау байқалмайды. Ол жауапкершіліктің салмағын ерте сезінгендей әсер қалдырады. Бұл – үлкен футболда табысқа жетуге көмектесетін маңызды қасиеттердің бірі», – деді Шмурнов.
Еске салайық, 2025 жылдың ақпан айында «Қайрат» пен лондондық «Челси» Дастан Сәтбаевтың трансфері бойынша келісімге келген болатын. Келісімнің бастапқы құны 2,4 миллион еуроны құраса, бонустарды есептегенде 4,3 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін.
Қазақстандық шабуылшы 2026 жылдың 12 тамызында 18 жасқа толған соң ресми түрде ағылшын клубының ойыншысы атанады.