Берік Уәли ҚФФ президенті Марат Омаровмен арнайы сөйлескен
Абай облысының әкімі Берік Уәли «Елімай» футбол клубының жанкүйерлері көтерген мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, жағдайдың жеке бақылауында екенін жеткізді.
Өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында клуб жанкүйерлерінен көптеген өтініш-тілектер келіп түскенін атап өтті.
«Кешеден бері жергілікті «Елімай» футбол клубының жанкүйерлерінен көптеген арыз-өтініштер келіп түсіп жатыр. Көтерілген мәселелердің мән-жайын жан-жақты зерделеп, әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы үшін тиісті жұмыстар жүргіземіз. Осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен сөйлестім. Федерация басшысы барлық жайттың мұқият қаралатынын, арнайы комиссия құрылып, мәселе соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді. Әділеттілік жолындағы ұстанымымыз өзгермейді. Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз», – деп жазды әкім.
Берік Уәли өз кезегінде әділдік қағидаты әрдайым басты назарда болатынын айтып, жанкүйерлерді алаңдатқан мәселенің толық әрі объективті қаралуын жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Премьер-лигасының «Елімай» – «Ордабасы» матчынан кейін семейлік клубтың бас бапкері Андрей Карпович пен бірқатар ойыншылар төреші Арман Исмуратовтың әрекеттеріне қатысты сын айтып, бұл жағдай қоғамда қызу талқылауға түскен болатын.