Жарнама
Жарнама

«Команда үшін ойнайды»: Португалиялық маман Мессиді Роналдудан жоғары қойды

Редактор
Бүгін, 15:26

Агент аргентиналық жұлдыздың матч тағдырын жалғыз өзі шешіп кете алатынын атап өтті

© Quality Sport Images / Contributor / Getty Images Sport

Португалиялық футбол агенті Паулу Барбоза Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси мен Португалия шабуылшысы Криштиану Роналдудың 2026 жылғы әлем чемпионатындағы өнеріне баға берді.

Оның айтуынша, Месси әлі де жоғары деңгейде ойнап, турнирдің үздік футболшыларының бірі екенін дәлелдеп келеді. Агент аргентиналық жұлдыздың матч тағдырын жалғыз өзі шешіп кете алатын ерекше қабілетін атап өтті.

«Менің ойымша, Месси мен Роналдуды салыстыру мәселесі әлдеқашан жабылған. Месси – керемет футболшы. Ол өзі үшін емес, команда үшін ойнайды. Меніңше, Роналдумен арадағы ең үлкен айырмашылық осы», – деді Барбоза «Матч ТВ»-ға берген пікірінде.

Айта кетейік, Месси әлем чемпионатындағы алғашқы матчында Алжир қақпасына хет-трик авторы атанса, Австриямен кездесуде дубль жасап, екі ойынның қорытындысы бойынша бес гол соқты.

Сонымен қатар Аргентина құрамасының көшбасшысы әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік бомбардир атанып, неміс шабуылшысы Мирослав Клозенің рекордын жаңартты. Қазір оның еншісінде әлем біріншіліктеріндегі 18 гол бар.

Ал Криштиану Роналду әзірге мундиальда нәтижелі әрекеттерімен көзге түскен жоқ. Португалия алғашқы турда Конго Демократиялық Республикасымен 1:1 есебімен тең ойнады.

2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.

Реклама
Реклама