Жарнама
Жарнама

Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне негізгі үміткер белгілі болды

Редактор
Бүгін, 16:00

Финляндияның экс-бапкері Қазақстан құрамасына келуі мүмкін

әлеуметтік желі

Финляндиялық маман Маркку Канерва Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне басты үміткер ретінде қарастырылып жатыр.

Журналист Елдар Аманбаевтың мәліметінше, 62 жастағы бапкер Талғат Байсуфинов кеткеннен кейін ұлттық команданы басқаруы мүмкін. Қазіргі уақытта Канерва ешбір клубта немесе құрамамен жұмыс істемейді.

Тәжірибелі маман UEFA Pro лицензиясының иегері және көбіне 3-4-3 тактикалық схемасын қолданады. Ол ұзақ жылдар бойы Финляндия футбол федерациясы жүйесінде еңбек етіп, түрлі жас деңгейіндегі құрамаларда, сондай-ақ ұлттық командада қызмет атқарған.

Канерваның басты жетістігі – Финляндия құрамасын тарихта алғаш рет Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығару. Оның жетекшілігімен құрама 2019 жылы Еуро-2020 турниріне жолдама алған болатын.

Айта кетейік, Канерва Финляндия құрамасының тізгінінде Қазақстанға қарсы екі матч өткізді. 2023 жылдың қыркүйегінде оның командасы Астанада 1:0 есебімен жеңіске жетсе, араға бір ай салып Хельсинкиде өткен кездесуде Қазақстан 2:1 есебімен басым түскен еді.

Алайда маманның Финляндия құрамасындағы соңғы кезеңі сәтсіз аяқталды. 2024/25 жылғы Ұлттар лигасында команда топтық кезеңдегі алты матчтың барлығында жеңіліп, небәрі екі гол соғып, өз қақпасына 13 гол жіберіп алды. Осыдан кейін Финляндия футбол қауымдастығы бапкермен ынтымақтастықты тоқтатты.

Қазіргі таңда Маркку Канерва Қазақстан құрамасын басқаруға басты үміткерлердің бірі саналады.

Реклама
Реклама

Материалда: