Оның келіншегі жуырда қыз босанды
Қазақстан құрамасы мен «Зенит» футбол клубының қорғаушысы Нұралы Әліп биылғы маусымда нәтижелі ойынымен көзге түсіп, бапкерлер тарапынан да, жанкүйерлер тарапынан да оң бағасын алып келеді.
Championat.com сайтына сұхбат берген қазақстандық футболшы өзінің бұл прогресін балалы болуымен байланыстырып отыр.
«Жуырда ғана менің қызым дүниеге келді, мен әке болдым. Осы маған күш берді, мен жауапкершілікті бұрынғыдан күштірек сезіндім. Кез келген еркек мұндайда өзгеріп шыға келеді. Яғни, бұрынғыдан да күшті болғың келеді.
Расымен де, бұл маусым мен үшін сәтімен болды. Ұлттық құрамадағы ойынымыз да түзелді, бұрын кім көрінгеннен жеңіле беруші едік, қазір Еуроның топтық кезеңіне шығуға бір табан қалдық. Иә, болмай қалды, бірақ алдымызда әлі мүмкіндік бар, Ұлттар лигасында бағымызды сынаймыз», - деді Нұралы Әліп.
Ол мұнымен шектелмейтінін, жоғары жетістікке жету үшін одан әрі де жасыл алаңда барын салатынын жеткізді.