Жарнама
Жарнама

Аргентинаның жеңісін тойлау кезінде жанкүйердің бірі басынан ауыр соққы алып көз жұмды

Редактор
Бүгін, 16:41

Тергеу мәліметінше, тас лақтырды деген күдікпен 20 жастағы жігіт ұсталған

РИА Новости

Әлем чемпионатында Аргентина құрамасы Египетті жеңгеннен кейін жанкүйерлердің бірінің басына тас тиіп мерт болды деп жазады La Nacion басылымы.

Қайғылы оқиға Аргентинаның Каньюэлас қаласында болған. Ұлттық құраманың ерекше камбэгінен кейін қуанышы қойнына сыймаған жанкүйерлер көшеге шығып, бей-берекет тойлай бастаған. Тіпті, қақтығыстар да болыпты. Осы сәтте топтағы адамдардың бірі жерден тас алып лақтырған. Тас 46 жастағы Франко Депаулидің басына тиіпті.

Марқұмның туыстарының айтуынша, қақтығыс басталған кезде ол көлігінің жүксалғышынан бір зат алу үшін көшеге шыққан. Дәл сол сәтте басына тас тиіп, бірден есінен танып қалыпты. Соққыдан маңдайында ауыр жарақат ізі қалған.

Кейін туыстары оны ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер бас-ми жарақаты салдарынан көз жұмғанын мәлімдеді. Дәрігерлер оны 50 минут бойы қайта тірілтуге тырысқан, алайда нәтиже болмаған.

Муниципалдық бейнебақылау камераларының көмегімен полиция күдіктінің жеке басын анықтады. Тергеу мәліметінше, тас лақтырды деген күдікке 20 жастағы Иван Науэль Лебреро ілінген. Оның бұған дейін ұрлық үшін сотталғаны белгілі. Қазір оған кісі өлтірді деген айып тағылды.

Сондай-ақ қақтығыстар салдарынан үш бейбіт тұрғын мен бес полиция қызметкері жарақат алғаны хабарланды.

Реклама
Реклама