Жарнама
Жарнама

Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасынан кетуі мүмкін

Редактор
Бүгін, 16:22

Каннавароның жылдық жалақысы 4 миллион еуроны құрайды

Getty Images

Әлем чемпионы әрі «Алтын доп» иегері Фабио Каннаваро жақын арада Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін.

Журналист Александр Троицкийдің мәліметінше, алдағы Азия кубогында құраманы басқа маман жаттықтыруы ықтимал.

Мұндай шешім қабылдауға Өзбекстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіз нәтижесі себеп болғаны айтылуда. АҚШ, Канада және Мексикада өткен мундиальда өзбекстандықтар топтық кезеңнен аса алмай, үш кездесудің барлығында ірі есеппен жеңілді. Команда Колумбиядан (1:3), Португалиядан (0:5) және Конго Демократиялық Республикасынан (1:3) ұтылып, өз тобында бірде-бір ұпай жинай алмады.

Каннаваро Өзбекстан құрамасын 2025 жылдың 6 қазанында қабылдап, Тимур Кападзенің орнына келген болатын. Италиялық маманмен «2+3» жүйесі бойынша келісімшарт жасалған. Яғни алғашқы екі жылдық келісімге қосымша үш жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Ақпаратқа сәйкес, Каннавароның жылдық жалақысы 4 миллион еуроны құрайды. Бұл оны әлемдегі ең жоғары жалақы алатын ұлттық құрама бапкерлерінің қатарына қосады. Алайда бұған дейін Өзбекстан футбол қауымдастығының бірінші вице-президенті Равшан Ирматов бұл соманың едәуір бөлігі түрлі бонус төлемдерінен құралатынын, ал негізгі жалақының төмен екенін мәлімдеген еді.

Қазіргі таңда Өзбекстан футбол қауымдастығы Каннавароның болашағына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Реклама
Реклама