30 жастағы шабуылшы – «Ақтөбе» футболының түлегі
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов туған клубы – «Ақтөбеге» қайта оралды. Ақ-қызылдар тәжірибелі футболшының трансферін ресми түрде жариялап, жанкүйерлерге арнайы таныстыру видеосын ұсынды.
Бейнероликте Айымбетовтің «Ақтөбедегі» алғашқы қадамдары мен есте қалған голдары көрсетілген.
«Жанұяңа қош келдің, алтын бала!» деп жазды клубтың ресми парақшасында.
30 жастағы шабуылшы – «Ақтөбе» футболының түлегі. Ол 2013 жылы клубқа соңғы Қазақстан чемпиондығын әкелген тарихи голдың авторы атанды. Кейін мансабын «Қайрат», «Астана», Ресейдің «Крылья Советов», Түркияның «Адана Демирспор» және Румынияның «Петролул» клубтарында жалғастырды.
Айымбетов «Ақтөбе» сапында 100-ден астам матч өткізіп, 20-дан аса гол соққан. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының намысын абыроймен қорғап, ел футболы тарихындағы үздік сұрмергендердің бірі атанды.