Жарнама
Жарнама

«Астана» өз алаңында ойсырай жеңіліп, Конференция лигасынан «ұшып кетті»

Редактор
16.07.2026, 22:57

Осылайша, «Астана» еурокубок турнирлеріндегі жарысын аяқтады

ФК "Астана"

«Астана» Конференция лигасы іріктеу кезеңінің бірінші айналымынан өте алған жоқ. Өз алаңында албаниялық «Динамо Ситимен» кездескен Бабаян шәкірттері 1:4 есебімен ойсырай жеңілді.

Еске салайық, алғашқы матч «Динамоның» алаңында өтіп, астаналық команда ол кезде 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Елордада өткен қарымта ойында есепті Бауыржан Исламхан ашты. 23-минутта төреші белгілеген пенальтиді астаналық шабуылшы дәл орындады.

Алайда, жергілікті жанкүйерлердің қуанышы көпке созылған жоқ. 49-минутта «Астана» қорғаушысы Кипрас Казуколавас екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Ал, он ойыншымен қалған елордалық клуб қарсылас шабуылына төтеп бере алмады.

Алдымен 50-минутта Бруно Дита пенальтиден есепті теңестірсе, араға 12 минут салып Хекуран Бериша «Динамо Ситиді» алға шығарды.

Ойынның негізгі уақыты осы есеппен аяқталып, қос матчтың нәтижесі 2:2 болғандықтан, командалар экстра-тайм ойнады. 15 минуттық екі кезеңде албаниялық команда екі гол соғып, «Астананы» өз жанкүйерлері алдында жерге қаратты. Алдымен 93-минутта Лоренцо Вила дәл соққысымен көзге түссе, 120+4 минутта Мұстафа Комо таблодағы көрсеткішті 4:1-ге жеткізді.

Осылайша, «Астана» еурокубок турнирлеріндегі жарысын аяқтады.

Реклама
Реклама